Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тоқаев айтқан «Абай мектебі» Бейсембаевқа керек пе?

12:07, 06 қыркүйек 2023 180


Тарихты бағамдасақ, қазақ тілі мен руханиятына жасалған қысастық пен қаскөйлік жетіп артылады. Тіпті Тәуелсіз ел болғалы да бұл үрдіс толастамай келеді. Соның көбінің астары ұлттың тілін тұқыртып, ділін өзгертуге жасалынған үздіксіз реформалардың мәнінен айқын танылады. Білім берудегі үш тілді саясат та соның бірі. Себебі орыс тілінің ықпалынан басы арашаланбай отырғанда басқа тілдік экспанцияға ұшырауы қазақ тілінің көсегесін көгертпейтінін ұлт мүддесін ойлар жан түсінер еді. Әлемдік білім көзі, өркениет тілі дегеннің өзінде жаппай мектеп пен түрлі салаларға міндеттеуден бұрын салдарын терең пайымдар сана, аса үлкен білік керек. Ал «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі», «Қазақстан тарихы», «География» қатарлы гуманитарлық бағыттағы пәндердің оқу мазмұнының дұрыс жүйеленбеуінде де осындай олқылықтар бар.


Тәуелсіз ел ретінде ұлттық болмысты, тарихты, ділді, саяси сауатты көзқарасты қалыптастыратын бұл қатарлы пәндердің туы көтеріліп, ұлттық мүдде тұрғысында дұрыс оқытылуы алдымен ел болашағының кепілі болса керек-ті. Мәселен, Қазақстандағы өзге тілді мектептерінде «Қазақ әдебиеті» деген пән жоқ деуге болады. Өзге шет тілдері сияқты шектеулі сағатпен оқытылатын «Қазақ тілі» пәнінің шылауында «оқу материалы» болып қана қалған. Сондықтан бітіруші түлектер өздері ас-суын ішіп, топырағын басып жүрген елдің зиялыларын танымай жатса, Алаш арыстарының еңбектерін естімеген болса таңғалмаңыз. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдер мемлекеттік мүддеден мүлт кетіп, патриотизмді басқаша түсініп жатса ол өз олқылығым деп мойындамасқа шара жоқ. Мемлекеттік тілдің әлі тұғырға қона алмай отырғанын түсінсек, қазір қай салада болсын ұлттық мүдде тұрғысынан тұралап тұрғанын түсіне беріңіз.

Соның тағы бір дәлелі – Абай атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін тереңдете оқытатын мектеп туралы әлеуметтік желіде көтеріліп жатқан дүркін-дүркін шу. Егемендік алған алғашқы жылдарда осы мектептің ғимараты тұрған жерге нарықтық заманның бір жуан мойын дөкейі қол салып, мектептің 10 гектар жерін 2006 жылы Алматы қаласы әкімдігі шығарған қаулының күшімен тартып алған. БАҚ құралдары араласып жатып мектептің басын сақтап, әйтсе де тұрған орнынан еріксіз жылжытылған еді. Ендігі шу сыртына емес, мектептің негізгі бағытына, ішкі өзегіне түскен сыңайлы.  Жазылып жатқан наразылықтарды оқығанда осындай ой келеді.

Қазақ әдебиеті мен тілін тереңдете оқыту пәндік мазмұнды қалаптастырып қана қоймай, ұлттық сананы оятып, ұлттық құндылықты дәріптеуге, этномәдени, рухани болмысты, ділді қалыптастыруға мүмкіндік жасайтынын түсінсек, Абай атындағы республикалық дарынды балалар оқитын бұл мектептің ұлт болашағына, мемлекеттік мүддегі қосар үлесін айтпай түсінуге болады.  Қазіргідей жаһандық өркениетке бет бұрған заманда ұлтсыздану үдерісінің қарқынды қозғалысында (қазіргі діни секталардың етек жаюы да ұлттық бірегейлікке жасалып жатқан шабуыл екенін ескерсек) бұл мектеп шөлдегі оазистің рөлін атқарады. Ендеше, Абай мектептері  республикамыздың әр облысында болуы аса маңызды. Қытай елінің  идеологиялық негізі ретінде Конфуций ілімі өздерінде ғана емес, әлемнің барлық елдерінде таратылып отырғаны мәлім. Қазақстанның да әр деңгейлі мектеп-мекемелерінде бары жасырын емес. Ал ұлттық бірегейлік пен рухани кемелдіктің жолын сілтеп отырған Абайдай тұлғаны «ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде» әр деңгейдегі мектептерде оқып-тани алмауымыз мемлекеттігімізге сын.

Аталған мектеппен оқу-әдістемелік байланысым алғаш Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектептерге арналып оқу бағдарламасын даярлау жұмыстарынан басталды. 2019 жылы мектеп директоры Роза Сексенова әр университеттің  профессор-оқытушыларын, сала мамандарын, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мамандарын шақырып жиын өткізді. Негізгі мақсат – тереңдете оқытатын мектептерге бағдарлама, оқулық жазу жұмыстарын қолға алу. Жоспарланған «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерінің бағдарламасы бір жылдан аса уақыт мөлшерінде дайындалды, кейін Ы.Алтынсарин академиясы мамандарының сүзгісінде және сол кездегі ҚР Білім және ғылым вице-министрі Ш.Каринованың қадағалауында бекітілді. Абай шығармаларын қазақ мектептерінде оқыту мәселесі бойынша кандидаттық диссертация қорғап, кемеңгер тұлғаны таныту бағытында ізденіп жүрген маман ретінде атқарылған жұмысты көңілге зор қанағат тұттық.

Мектептің ішкі саясатын, «кухнясын», ондағы дау-дамайды біле бермейтінім анық. Мектептің директорының не себепті ауысқанынан да хабарсызбын. Әйтсе де Роза Сексенова Абай желілік мектептерінің жұмысын тәуір бастаған болатын. Республикалық желілік мектептердің мұғалімдеріне онлайн, оффлайн дәрістер, конференция ұйымдастырылып, семинарлар қойылып жүрді. Бағдарлама даярлаушы топтың белсенді мүшесі ретінде біраз іс-шараға шақырылып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалыстым. Абай мектебі жанынан шығатын республикалық «Абай үні» журналында «Абайтану» пәнін оқытудың тиімді әдістері мен практикалық жолдары жөнінен үздіксіз мақалалар жариялап отырдым.

Қазіргі басшылық келгелі желілік мектептердің бұл жұмыстары кілт тоқтады. Себебі осы бағытта жиын өткенінен хабарсызбын. Өтпеген де болу керек. Мені қынжылтатыны – мектептің қазіргі оқу ісі жөнінен директордың орынбасары Гүлжазира Бекболатқызының Абай желілік мектептерге жазылған бағдарламаны жоққа шығаратыны. «Бұл Абай мерейтойы қарсаңында ғайыптан кіргізіліп қалған бағдарлама, әйтпесе, оның құжаттық күші жоқ» дегенді айтты бір жолы. Олай болса, күні кеше оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Абай мерейтойы қарсаңында сөйлеген сөзінде: «Абай  мектептері үшін «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Абайтану» пәндері бойынша тереңдетілген оқу бағдарламасы бекітілді. Алматыдағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты осы  мектептердің орталық базасы болып белгіленіп, оқу-әдістемелік кешен даярлау, тәжірибе тарату жұмыстарын жүзеге асыруда» деген сөздерді неге айтып, жариялап отыр деген заңды сұрақ туындайды. Әлде директордың орынбасары айтқандай, министрдің бұл сөзі де Абай мерейтойы қарсаңында «ғайыптан» айтылып қалған бос әңгіме ме?! Жоқ әлде, оқу-ағарту министрі Абай желілік мектептерінің бүгінгі жұмыс барысынан бейхабар ма? Неге министрлік тарапынан бекітілген Абай желілік мектептерінің бағдарламасы өзге желілік мектептерге енгізілмей отыр? Неге оқулық жазу ісі қолға алынбай, бұл мектеп жетім қыздың күйін кешіп отыр деген заңды сұрақ туындайды.

Оқу-ағарту министрлігі бағдарламалардың әлі де желілік мектептерге түгел енгізілмегенін, Абай атындағы мектепте қолданысқа түскенімен, екі жылдан бері бағдарламаға басшылық тарапынан дұрыс мониторинг жүргізілмей, ескерусіз қалып отырғанын, әлі оқулық жазу ісі қолға алынбай жатқанын білсе керек еді ғой. Жоқ әлде қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектептердің жайы министрді аса алаңдатпай ма?! Қазіргідей жалпы білім беретін мектептердегі бағдарламаларға жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқанда, бұл бағдарламаның да озық тұсы мен жетілдіру қажетті жерлері сарапқа түссе керек еді.

Неліктен бізде жақсы ниетпен басталған келелі істер аяқсыз қалып жатады?! Жаңартылған, мазмұнды мектептерге арналған бағдарламаларға  басталған жетілдіру жұмыстары да белгісіз себептермен тоқтап тұр. Абай желілік мектептеріне жасалған бағдарлама да орта жолда қалғалы отыр. Бағдарлама бекітілгеннен кейін, бұның нәтижесі қалай болып жатыр деген бір ұйым жоқ. Оқулықсыз отырғандарына үшінші жылға аяқ басты.  Оқушыларға «эксперимент» жасай берудің де шегі болуы керек қой. Әр басшы ауысқан сайын жазықсыз оқушылар, ұстаздар неге жапа жеге беруі керек?!

Мектептің қазіргі оқу-ісі жөніндегі орынбасарының әдістемелік кеңес тарапынан тереңдетілген бағдарламалар бойынша жүргізілген жұмыс нәтижесін жоққа шығаратыны наразылық танытушылар тарапынан айтылғанын желіден оқуға болады.  Сонда мектеп басшылығы мемлекеттік бағдарламаны менсінбей ме, әлде оқу-ағарту министрлігіне бағынбай ма?!

Оқу-ісі жөніндегі директордың орынбасары бір сөзінде «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндерінде сағат көптігін, оған өзінің наразылығын жеткізді. Математика-физика пәндерін тереңдете оқытатын мектептерде де сағат сандарында осындай басымдық болмай ма? Тіпті сыныптық сағаттардан бөлек те репититор алып дайындалып жатады емес пе? Себебі сол арқылы оқушы сала бойынша ғылыми таным, құзыретке жақындай түседі.

Мектептің жаңадан тағайындалған директоры Ержан Нұрланұлымен бір сөйлескенімде мектептің жаңа бағыты жөніндегі жоба-жоспарын көрсетті. Мектептің мазмұны өзгеретіндігі айқын танылды. Ағылшын тілі, жаратылыстану пәндер бағыты, басқа да салаларды қамтып, бірнеше саланы қатар алып жүрмек екен. Сонда бір бағыт бойынша қалыптасқан жүйелі жұмысты алып жүрмегенде өзге салаларды қалай жетілдірмек деген ой келеді. Директордың сөзінен жалпы бұл мектептің миссиясын терең бағамдамау немесе қабылдамау байқалған-ды. Физика-математика бағытындағы мектептердің жетістіктерін алдыға тартқан әңгімесінен соң, мектеп түлектерінің жетістіктерін тек шетелдік олимпиадамен, жобалармен ғана өлшеу біржақтылық екенін, негізінен бұл мектептің түлегі жетер биік көрсеткіш лингвистика мен әдебиеттану бағытында, шешендік өнер мен журналистика, қаламгерлік, баспасөз істерінде айқындалатынын айтқан едік. Бұның бәрі еліміздің келешек идеологиялық қаруы екенін де түсінуі керек қой. Ал шетелдік олимпиадалар ұлттық негізді пәндерде бола бермейтіні баршаға мәлім. Бірақ ол аталған пәндердің қажеттілігі мен құзыретіне сынадай да шәк келтіруге негіз емес.

Егер «Ұлттық мектеп» құру керек болса, оның тұжырымдамалық негізіне Назарбаев зияткерлік мектептерінің емес, Абай желілік мектептерінің тәжірибесі алынса керек.

Береке Жұмақаева,

 п.ғ.к., профессор.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар