Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тегін берілетін 10 сотық жер туралы тың мәлімет тарады

20:39, 04 маусым 2024 2164

Қазір жеке тұрғын үй салу үшін тегін 10 сотық жер алуға 3,9 млн қазақстандық кезекте тұр. Өңірлер арасында алғашқы үштікке Алматы облысы, Түркістан облысы және Шымкент қаласы кіреді деп хабарлайды Alash.kz.

Тегін жер алу туралы мәліметті толығырақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұсынып отыр. 

Мемлекеттік корпорацияның мәліметіне сәйкес, өткен жылы тегін 10 сотық жерді 8 805 отандасымыз алған, ал биыл 24 116 жер учаскесі беріледі. Былтыр елорда және Шымкент қаласында жер учаскелері берілмеген.

Кезекке egov.kz арқылы «Жылжымайтын мүлік» одан әрі «жер қатынастары» бөліміне кіріп онлайн сұрау батырмасын басып өтініш беруге болады. Өтініш берген кезде «кезекке қою» дегенді, содан кейін өңірді таңдап, ЭЦҚ көмегімен қол қою қажет.

Айта кетейік, әрбір кәмелетке толған қазақстандық өзінің меншігінде басқа жер учаскелері, пәтерлері немесе үйлері бар-жоғына қарамастан 10 сотық тегін жерге өтінім бере алады.

Жерге кезектің қалай жылжып жатқандығын электрондық үкімет порталында «жеке тұрғын үй құрылысына (10 сотық) жер учаскесін алу үшін қарау немесе кезекке қою» қызметін таңдау арқылы біле аласыз, ол үшін ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) қажет.

Сондай-ақ кезекті қарау жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының көпшілік кадастрлық картасында қолжетімді. Ол үшін ЭЦҚ немесе толық аты-жөнін көрсету қажет, бірақ ЖСН арқылы кезекті тексеру мүмкін емес.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар