Белгілі актриса әрі блогер Айым Сейітметова күйеуі Талғат Итаевпен ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, жеке өміріне қатысты шешімнің оңай болмағанын айтты, деп жазады Alash.KZ.
Айым Сейітметованың сөзінше, олардың отбасылық өмірі бірнеше жыл бойы көпшіліктің назарында болған. Сондықтан ажырасқаны туралы ақпаратты өзі тікелей жеткізуді жөн көрген.
«Талғат екеуміз ажырастық. Бұл сөздің артында өміріміздің үлкен бір кезеңі тұр. Жақсы сәттеріміз де көп болды, отбасымыз болды. Ең бастысы – бізді өмір бойы байланыстыратын қызымыз бар», – деп жазды актриса.
Оның айтуынша, қарым-қатынастарында некені әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік бермейтін жағдайлар болған. Алайда Айым бұл жағдайдың нақты себебін көпшілікке айтқысы келмейтінін жеткізді.
«Кейбір дүниелер екі ересек адамның арасында ғана қалуы керек», – деді ол.
Актриса ажырасқаннан кейін де бұрынғы жұбайымен арадағы сыйластықты сақтап қалу маңызды екенін атап өтті. Екеуі ерлі-зайыпты ретінде бірге болмаса да, ортақ қыздарының ата-анасы болып қала бермек.
Айымның айтуынша, баласының ата-анасының шешімдерінен зардап шекпей, әке-шешесінің екеуінен де махаббат сезініп өсуі маңызды.
«Қызымыз әке-шешесінің екеуінің де махаббатын сезініп өссе деймін. Біздің ересектер ретінде қабылдаған шешімдеріміздің салдарын бала көтермеуі керек», – деп жазды ол.
Сонымен қатар, блогер оқырмандарын ажырасуға байланысты түрлі болжам жасап, сенсация іздемеуге шақырды. Ол тараптардың ешқайсысына тіл тигізбеуді және жеке өмірлеріне құрметпен қарауды сұрады.
Айым Сейітметова бұл шешімнің өзі үшін оңай болмағанын атап өтті. Дегенмен енді оның да, Талғат Итаевтың да өмірінде жаңа кезең басталатынын айтты.