Иран АҚШ ұсынысын қабылдамай тастады. Трамп жаңа соққы жасау қаупін айтты, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Иран АҚШ-пен жүргізілген келіссөздер барысында Вашингтонның ұсынысын қабылдаудан бас тартты. Бұл туралы Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади мәлімдеді.
Оның айтуынша, АҚШ тарапы Иранға тым қатаң талаптар қойған. Сондай-ақ Вашингтон ұсыныс қабылданбаса, келіссөздерді сәтсіз деп санап, одан шығатынын ескерткен.
«Ақыр соңында дәл солай болды», – деді ирандық дипломат.
Келіссөздер Оманда өткен. Гарибабадидің сөзінше, қазіргі жағдайда Иран үшін диалогты жалғастырудың қажеттілігі жоқ.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери әрекет қайта жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, егер келіссөздер нақты нәтиже бермесе және жағдай өзгермесе, АҚШ тағы да соққы жасау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Трамп сондай-ақ мәселені дипломатиялық жолмен шешуге берілетін уақыттың аз қалғанын атап өтті.