Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Дубайда өтіп жатқан әлем чемпионатында жеңіске жетіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Alash.kz.
Финалдық жекпе-жекте отандасымыз ресейлік боксшы Вячеслав Рогозинді айқын басымдықпен жеңді. Осылайша 28 жастағы Сәкен Бибосынов 2021 жылғы әлем чемпионатынан кейін екінші мәрте алтын жүлдеге қол жеткізді. Айта кетейік, ол 2019 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, Токио Олимпиадасында да үшінші орын алған.
Биылғы әлем біріншілігінде Сәкен Бибосынов Ботсвана, Танзания, Замбия және Непал боксшыларын жеңіп, финалға шықты. Ал 19 жастағы Вячеслав Рогозин Ресей чемпионатының жеңімпазы әрі турнирдегі ең жас әрі қауіпті қарсыластардың бірі саналады.