Словакияда өткен U20 әлем чемпионатында грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп алған қазақстандық балуан Қазыбек Қалмағамбетов елге оралды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда чемпионды ата-анасы, жақындары мен жүздеген жерлестері сән-салтанатпен қарсы алды. Шара барысында облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов сөз сөйлеп, өңір басшысы Асхат Шахаровтың ұсынысымен Allur компаниясы дайындаған жаңа автокөліктің кілтін ел мақтанышына табыс етті.
Іс-шара барысында облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов сөз сөйлеп, өңір басшысы Асхат Шахаровтың ұсынысымен Allur компаниясы бөлген су жаңа автокөліктің кілтін ел мақтанышына салтанатты түрде табыс етті.
Осыдан кейін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров 67 келі салмақ дәрежесінде топ жарған спортшыны, оның анасы Қызжібек Құрбанәліқызын және бапкерлер құрамын арнайы қабылдады. Өңір басшысы өз сөзінде бұл жетістіктің ел мәртебесін арттырғанын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға артатын сенімі мен «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығын атап өтті. Асхат Шахаров Қазыбекке, оның анасына және жеке бапкерлері Нұртас Утепбергенов пен Саясат Шаңғытбаевқа «Алғыс хат» тапсырса, алғашқы жаттықтырушысы Мұхамеджан Зарлықовқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.
Жастайынан спортты серік еткен Қазыбек бұл спорт түрімен 2015 жылдан бері айналысып келеді. Ол 2019 жылдан бастап Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алуда. Бұған дейін ол 2021 жылы U15 Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, ал 2023 жылы U17 ел чемпионы әрі Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын.