Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шетелге кеткен қазақ ғалымдары Қазақстанға орала ма?

17:04, 14 сәуір 2024 486

Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде  шетелдегі қазақ ғалымдарын елге қайтару, жастарды шетелге тәжірибе алмасуға жіберу, ғылымдағы өзекті мәселелер туралы айтты. Мемлекет басшысы атап өткен мәселелер туралы «Шетелдегі 100 KZ ғалым» жобасының жеткшісі, MD, MPH, DrPH, Назарбаев Университетінің профессоры Қуаныш Ерғалиевпен BAQ.KZ құрған сұхбатты alash.kz сайты жариялап отыр.

- Шетелдегі ғалымдарымызды елге қайтару үшін не істеу керек? Қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

Негізінде шетелде ғылыммен айналысып жүрген ғалымдарымыздың арасында әлі күнге дейін Қазақстанмен байланысын үзбегендер көп. Олар отандық жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас ортанып, дәріс оқып жүр, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға да атсалысуда. Ал ғалымдарды қайтаратын болсақ оларға арнайы инфрақұрылым, заңнама да дайын болуы қажет. 

Ал егер Қазақстанда шетелдік тәжірибесі бар ғалымдарға зертханалар, инфрақұрылым дайындап, әлеуметтік жағдайды жасайтын болсақ, ол кісілер де елге келері сөзсіз. Әлемде ондай мысалдар бар. Қытай Халық Республикасы, Сингапур, Корея шетелде аты шыққан отандық ғалымдарын елге қайтару үшін арнайы бағдарламалар жасады. Ол жобалары қазір нәтижесін беріп жатыр.

- «Шетелдегі 100 KZ ғалым» жобасының мақсаты қандай?

Ғылым және жоғары білім вице-министрі ретінде шетелге іссапармен барғанда ол жақтағы қазақстандық ғалымдармен таныстым. Өзге елдердегі университеттерде профессор, оқытушы болып жүрген, жетекші ғылыми орталықтарда қызмет ететін қазақ ғалымдары туралы отандастарымыз білмейді. Жастар сондай кісілердің бар екенін білсе, зерттеулерімен танысса, оларға мотивация болар еді деп ойладым. 

Екіншіден, елдегі ғалымдарымыз шетелде белгілі бір деңгейге көтерілген әріптестерімен коллаборация жасауға, бірлесе ғылыми зерттеулер жүзеге асыруға мүмкіндік алса, тәжірибе алмасу үшін  оларды бір-бірімен таныстырсам деген мақсатта қолға алдым. 

Жоба басталғалы бірнеше айдың ішінде әртүрлі елдердегі он шақты ғалыммен сұхбаттасып, әлеуметтік желілердегі парақшаларымда жазбаларымды жарияладым. Ғылыми қауымдастық, қоғам бұл жобаны өте жақсы қабылдады, ғалымдарымыз туралы қызығушылықпен оқып жатқандарын айтады.

- «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа Заңнан не күтесіз?

Дамыған елдердің қатарында болу үшін елімізде ғылым және білім салаларының, жаңа технологиялардың дамуына күш салуымыз керек. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы қазір Парламентте талқыланып жатыр. Президент те бұл заң ғылымның дамуына зор серпін береді деп сенім білдірді. Жалпы білім мен ғылымға озық халықаралық тәжірибе ауадай қажет екенін атап өтті.

Ғылым мен бизнестің, индустрияның арасында өзара байланыстың болмауы – еліміздегі басты мәселелердің бірі. Өйткені ғалымдар өз бетімен зерттеулер жүргізіп, бизнес өз мәселелерін шешіп жатыр, ол дұрыс емес. 

Халықаралық тәжірибе бойынша, ғылым халықтың әл-ауқатын, экономикалық жағдайын жақсартуға үлес қосуы керек. Бұл ғалымдардың ғана қолында емес, бұл олқылықты заңнамалық тұрғыда реттеу қажет. 

Заң қабылданса, идеядан зауытқа дейінгі реттілік пайда болады. Яғни отандық компаниялар еліміздегі университеттермен немесе ғылыми зерттеу институттарымен серіктестік негізінде бір инновациялық өндіріс немесе ғылыми зерттеу арқылы өнімін арттыруға қаржы салса, 100 пайыз салықтан босатылады. 

Ал ғылыми ұйымдармен серікестік нәтижесінде шығарылған тауарларға 50 пайыз салықтық жеңілдік қарастырылады. Бұл заң еліміздің экономикасын көтеруге үлес қосары сөзсіз.

- Отандық ғылымды дамыту үшін жастарды шетелге жіберу керек пе?

Егер ғалымдарымыз шетелге барып, ғылыммен айналысқысы келсе, қолдауымыз керек. Тарихқа көз жүгіртсек, білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. Сол қалаларда оқыды, еңбек етті. Сауаттылығының арқасында бабамыз әлемнің екінші ұстазы атанды. Сондықтан ғалымдарымыз шет елге барып, жұмыс істесе, уайымдаудың қажеті жоқ. Бұл табиғи үрдіс, тіпті тарихымызда да болған. 

Адамдардың білім алудан бөлек, өзге елдерге барып, тіл үйренуі, мәдениетімен танысуы, көкжиегін кеңейтіп келуі – қалыпты дүние. Халқымызда «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» – деген аталы сөз бар. Мысалы, мен Гарвардқа оқуға түсіп, АҚШ-қа көшкенде достарымызбен бірге «Мирас» қазақ ұлттық мәдени орталығын (Miras Boston Kazakh Culture Foundation) құрдық. 

Мәдени кодты, ата-бабалар мұрасын сақтау үшін қазақстандық патриоттардың басын біріктірдік, халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптедік. Сондықтан шетелге білім іздеп барып, кейін елге оралып, Қазақстанның дамуына үлес қосса – ол құптарлық іс дер едім. Жас ғалымдар шетелга барып, ғылымның барлық деңгейінен өтсін, мықты профессор болсын, кейін біз дайын болған кезде оларды елге шақырамыз. 

Мысалы, Назарбаев Университетінде мен білетін екі профессор 1990 жылдары Америка Құрама Штаттарына барып, сонда оқып, көп жыл бойы ғылыммен айналысқан. Жылдар бойы тәжірибе жинап, қалыптасқан ғалым болған кезінде Қазақстанда Назарбаев Университеті ашылып, оларға тиісті жағдай жасалғанда ғалымдар оралды. 

Солардың бірі – Дос Сарбасов, Жандос Утегулов деген сияқты биолог, физик ғалымдар. Сол себепті шетелдегі қазақ ғалымдарына жақсы жағдай жасалса елге оралып, қазақстандық ғылымның дамуына атсалысады деген сенімдемін.

Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде: «Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыру керек. Қазір жас ғалымдарымыз әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында стажировкадан өте алады. Бұл – жақсы үрдіс. Оны жалғастыра беру қажет. 

Менің тапсырмаммен жүзеге асырылып жатқан «Жас ғалым» бағдарламасының тиімді екенін көріп отырмыз. Оның ауқымын кеңейту керек. Сондай-ақ ғалымдарға докторантурадан кейін шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беру қажет.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар