Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шерзат ісіне куәгер екі қыздың бірі Эльмира Нұрбекова сотта сөйледі, бірақ?..

19:45, 18 сәуір 2025 2485

Шерзат Полат ісі бойынша бұған дейін аты аталған екі қыздың бірі – Эльмира Нұрбекова сотта куәлік берді, деп хабарлайды Alash.KZ Orda.kz сайтына сілтеп.

Оның сөзінше, оқиғаға дейін екі күн бұрын айыпталушылар Абзал, Нұрқияс және Равиль оның құрбысы Данамен танысқан. Қалған жігіттерді танымайтынын айтып берді.

 

«Равиль маған жазып, кездесуді ұсынды. Мен оған кешке дейін жұмыста болатынымды айттым. Кейінірек Дана маған «Равиль кездескісі келіп жатыр» деп жазды. Біз мейрамханаға бардық, сол жерде жігіттер отыр екен. Біз Данамен бірге биледік, кейін солармен бір үстелге отырдық. Үстелде Нұрқияс, Равиль, Абзал, Азамат және Тоқтаубаевтар болған. Столда арақ-шарап та тұрды», – деді ол сотта.

Куәгердің айтуынша, мейрамхана жабылғаннан кейін бәрі сыртқа шыққан. Ол үйге қайтқысы келгенімен, жігіттер оларды дүкенге кіріп-шыққан соң, апарып тастайтынын айтқан.

«Мен үйге қайтамыз дегенде, Нұрқияс пен Равиль: «Біз өзіміз апарып тастаймыз, тек бірінші дүкенге барамыз» деді. Дүкен алдына келгенде, жігіттер көліктен секіріп түсіп, дүкенге қарай беттеді. Біз алғашында Данамен көлікте қалдық, кейін темекі алу үшін дүкенге кірдік. Іште біз танымайтын екі ер адам тұрды. Біз: «Темекі сатыла ма?» деп сұрадық. Солардың бірі: «Жоқ, дүкен жабық. Шығыңдар, әйтпесе қазір қаруымды шығарып, ата бастаймын» деді. Осы кезде біреу есікті іштен теуіп жіберді. Сол дүкеннің алдында Нұрқиясты біреу ұрып жіберді», – дейді Эльмира. 

Оның сөзінше, дәл осы сәтте күтпеген әрекет болған. Белгісіз бір адам ауаға оқ атып, жағдай күрт шиеленіскен.

«Сол кезде сақалы мен бас киімі бар ер адам дүкеннің жанынан жүгіріп шығып, екі рет аспанға оқ атты. Мен Равильге: «Қойыңдар, төбелеспеңдер» деп тоқтатуға тырыстым. Бірақ ол тыңдамай, төбелеске қосылып кетті. Біз Данамен шетке шықтық», – деді куәгер.

Соттағы жауап барысында ол оқиға кезінде төбе шашы тік тұрғанын жасырмады.

«Сол сәтте әйел адамның көмек сұраған айқайын естідік. Жерде ес-түссіз жатқан баланы көріп, тұрып қалдым. Атыс даусынан кейін бәрі дүкеннің артына қарай жүгіріп кетті. Шынымды айтсам, жүрегім аузыма тығылып, қозғала алмай тұрып қалдым. Біреу қолымнан тартып, көлікке қарай жетелеп алып кетті. Кім екенін көрмедім», – деді ол.

Кетіп бара жатқанда куәгер бейнежазба жасап тұрған әйелді көріп, жедел жәрдем шақыруын сұраған. Одан кейін қыздар жігіттермен бірге тауға қарай кеткен.

«Бір әйелдің бәрін бейнежазбаға түсіріп тұрғанын көріп, «Жедел жәрдем шақырыңыз» деп айтып үлгердім. Кейін көлікпен тауға қарай жол тарттық. Жолда бір жерге тоқтадық. Жігіттер: «Көлікте күтіңдер» деп шықты. Артынша қара джип келді, біз соған отырып, төмен қарай беттедік. Содан соң полиция тоқтатты», – деді Эльмира Нұрбекова сотта.

Эльмира Нұрбекова бұл оқиғадан кейін ауаға мылтық атқан ер адамды жәбірленушілермен беттестіру кезінде танығанын айтты.

«Кейін жәбірленушілермен беттестіру кезінде ауаға оқ атқан, сақалы бар, басында бас киімі (кепкасы) болған ер адамды бірден таныдым», – деді Эльмира.

Куәгер сот барысында жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев Эльмира Нұрбекованың тергеу барысында берген жауабын оқыды. Ол кезде Нұрбекова «баланың мамасы «көмектесіңдер, баламды өлтіріп жатыр деп айғайлады. Ары қарай мен де жүгіріп барып, арасына қара түсті күрте киген адамды тартып алдым. Бір кезде қарасам, мылтықты алып шыққан бала жерде жатыр екен. Үсті қан болды. Бала ішімен жатқан кезде Абзал қолындағы пышағымен арқа жағынан ұрып жатқанын көрдім және «қойыңдар» деген кезде Равиль мені көлік жаққа барды да, көлікке отыр деп кетті» деп жауап берген. Бірақ бұл сөзін Нұрбекова сот кезінде растамай, басқаша жауап берді.

Мен ол кезде есеңгіреген күйде едім. Мен жауапты орысша бердім. Видеоны көрсетсеңіз болады», - деді куәгер.

Адвокат оған «сіз қылмыстық жауапкершілік бары жөнінде ескертілдіңіз, сонда осы жауаптан бас тартып отырсыз ба?» деп сұрады.

Мен жауабымнан бас тартпаймын. Мен барлық шындықты айтып отырмын. Қалай болды – солай айтып отырмын», - деді Эльмира Нұрбекова.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар