Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шекпенділер шектен шықты. Қырғыз бен Ресейдің дипломатиясы дауға ұласты

13:35, 13 сәуір 2024 431

Қырғыз бен Ресейдің арасынан "ала мысық жүгіріп өтті". Қырғызстан СІМ Ресейдің құқық қорғау органдарының қызметкерлерін Мәскеудегі Қырғызстан елшілігінің қызметкерлерінің бірінің отбасы мүшелеріне қатысты дөрекілігі үшін жазалауды талап етті, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеме көрсете отырып. 

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 12 сәуірде СІМ Консулдық департаментіне Ресей Елшілігінің кеңесші-консулы Андрей Бурьев шақырылды. Оған ресми наразылық нотасы табысталды. Қырғызстан Мәскеудегі дипломаттардың бірінің отбасы мүшелеріне қатысты жөнсіз қарым-қатынасты тергеуді талап етті. Ресейлік полицейлер Қырғызстан елшілігі кеңесшісінің үйіне кіріп, дипломат туыстарына күш қолданған. 

Қырғызстан СІМ мәлімдемесінде:

"Ресей Федерациясы құқық қорғау органдары тарапынан Қырғыз Республикасының аккредиттелген дипломаттарына қатысты мұндай әрекеттерге жол берілмейді,істі мұқият тергеуді және кінәлі адамдарды мүмкіндігінше қысқа мерзімде жауапқа тартуды талап етеміз", - делінген. 

Консул Бурьев өкінетінін жеткізіп аталмыш факт бойынша тексеру жүргіземіз деп уәде берді.

Ресейлік телеграм-арналар бұған дейін Мәскеу полицейлерінің 8 сәуірде Қырғызстан елшілігінің кеңесшісі тұратын пәтерге кіргенін, дипломаттың әйелі мен балаларынан көші-қон есебіне қою туралы құжаттарды талап еткенін хабарлаған. Елшілік қызметкерінің туыстары дипломатиялық паспорттарды ұсынған, бірақ ресейлік қауіпсіздік күштері бұған қанағаттана қоймаған.

Жогорку Кенеш депутаты Дастан Бекешев бұл ақпаратты растап, оқиға салдарынан ешкім физикалық зақым алмағанын айтты. Алайда, бұл полиция қызметкерлерінің мінез-құлқын ақтамайтынын жеткізді.

"Елшілік қызметкерлеріне бұлай жасалса,тіпті, қарапайым азаматтарымызға не жасамайды деген ойға қаласың. Ресей полициясы есірді", - деп жазды Дастан Бекешев.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар