Қазақстандық астық өңдеушілер салықтық жеңілдіктерді бірден алып тастамауды сұрады, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілерге берілетін салықтық жеңілдіктерді бірден алып тастауға қарсы шықты.
Олардың пікірінше, бизнеске жаңа талаптарға бейімделу үшін өтпелі кезең қажет.
Қазақстанның Астық одағы Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді талқылау аясында өз ұсыныстарын жолдады. Ұйымның негізгі ұсыныстарының бірі – 2026 жылы салық төлеушілерден ұсталған қосылған құн салығының (ҚҚС) 80 пайызын 2027 жылы қайтару тетігін өтпелі ережелерде нақты бекіту.
Осы мақсатта салық есептілігін түзетуге мүмкіндік беру ұсынылып отыр. Астық одағының мәліметінше, бұл бастама бұған дейін Жобалық кеңсе отырысында қолдау тауып, хаттамаға енгізілген.
Сонымен қатар сала өкілдері Салық кодексінің 484-бабын нақтылауды ұсынып отыр. Олар «салық пирамидасы» қағидаты бойынша жүргізілетін тексерулер тек ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші деңгейіне дейін ғана қолданылуы тиіс деп есептейді.
Ең өзекті мәселе – өңдеуші кәсіпорындарға берілетін салықтық ынталандыруларды сақтау. Астық одағы қолданыстағы жеңілдіктер терең өңделген өнім экспортының артуына, қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің күшеюіне және қосылған құны жоғары өнім экспортын дамытуға ықпал еткенін атап өтті.
Сондықтан ұйым өңдеушілерге арналған жеңілдіктерді ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қатысты өзгерістермен қатар бір мезетте алып тастамауды ұсынады. Оның орнына бес жылдық өтпелі кезең енгізіп, кейін салықтық қолдау шараларын кезең-кезеңімен қысқарту ұсынылған.
Сала өкілдерінің айтуынша, жеңілдіктерді бірден жою өндірісті дамытуға инвестиция салған кәсіпорындар үшін қосымша тәуекелдер туғызуы мүмкін.
Айта кетейік, салық кодексіне қатысты ұсыныстар 7 тамызға дейін қабылданады. Ұсынылған түзетулердің салыстырмалы кестесі өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен салалық қауымдастықтарға жолданған. Енді салықтық жеңілдіктерді тоқтату мерзімі агроөнеркәсіптік кешендегі басты талқылау тақырыптарының біріне айналмақ.