Сырт көз сыншы деп сырттан келген халықаралық бақылаушыларды да сөзге тартып көрген едік. Алматыдағы сайлау халықаралық бақылаушы ретінде келген Астрахань облысының (РФ) Губернатор әкімшілігінің ішкі саясат басқармасы басшысының бірінші орынбасары Андрей Сызранов «Бүгін жеті сайлау учаскесін аралап шықтым. Сайлауға халықтың ынтасы жоғары, көңіл күйлері де ерекше. Сайлауда жұмыс істейтіндердің оң көзқарасын ерекше атап өткім келеді. Бақылаушылар да артық қимылсыз өз жұмыстарын кәсіби түрде орындап жатыр. Өз басым бұл сайлауға жоғары баға беріп отырмын. Ешқандай ескертулерді байқамадық, бәрі заң аясында өтуде. Бұл өте маңызды. Жалпы сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылған» деді.
Біз де сайлау учаскелерін аралау барысында кейбір сайлау учаскелерінде ұйымдастырушылардың ұлттық киімде киінуі, сайлаушыларға бауырсақ ұсынып, әуен қосып қойған әрекеттеріне қарап елімізде сайлау мәденииетнің қалыптасып келе жатқанына қуандым. Халық бойында «сайлау менсіз де өтеді ғой» дейтіндей енжарлық емес, сайлауға қатысқысы келетін, өз дауысының маңызды екенін жақсы түсінетін сайлаушыларды байқадық. Кейбір сайлау учаскелерінен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып арнайы кабинка бар екенін көрдік. Басқаларына қарағанда кеңірек ол кабиналарға мүмкіндігі шектеулі жандар арбамен емін еркін кіріп шығып жатыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдайларға қызығушылығымызды байқаған №54 сайлау учаскесінің өкілі «Ішінде үстел шамы, үлкейту әйнегі, трафареттер, құлаққаптар және жалпы қажет нәрсенің бәрі бар» деп жауап берді. Мүмкіндігі шектеулі жандар өзін кемтар сезінбесі үшін бар жағдай жасалғанын ұқтық.
Осы орайда атап өтер жайт, Алматыда сайлау құқығына ие ерекше қажеттіліктері бар 39 570 адам тұрады екен. Таратып айтар болсақ, қоларбамен жүретін 1 097 адам, есту қабілеті нашар 2 218 тұлға және көзі нашар көретін 5 130 тіркелген екен. Қазіргі таңда олардың келе алғаны келіп дауып берсе, ал кейбіреулері арнайы көлікпен жеткізілуде. Сондықтан халықаралық бақылаушылардың барлығы сайлаудың өткізілуіне жоғары баға беруде.