Қазақстандық Tiger Films кинокомпаниясы фильм түсіру қызметін толық тоқтататынын ресми түрде хабарлады. Компанияның бұл шешіміне соңғы уақытта қоғамда кең талқыланған «Руың кім?» фильміне қатысты сын мен дау себеп болған, деп жазады Alash.KZ.
Tiger Films продюсері Алмат Шадмат жасаған мәлімдемеде бұл қадам кенеттен қабылданбағанын атап өтті. Оның айтуынша, компания қазіргі жағдайды жан-жақты саралап, киноиндустриядағы тәуекелдерді ескере отырып осындай шешімге келген.
«Tiger Films кино өндірісін толығымен тоқтатады. Бұл – ұзақ ойластырылған, салмақты шешім. Қазіргі кино саласының тұрақсыздығын, қаржылық және беделдік тәуекелдердің жоғары екенін тәжірибе барысында анық сезіндік», – деді продюсер.
Компания өкілдерінің хабарлауынша, Tiger Films бұдан былай кино түсірумен айналыспайды, алайда сала ішіндегі қызметін толықтай тоқтатпайды. Кинокомпания кинотехника мен түсірілім жабдықтарын жалға беру бағытына толық көшуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, бұған дейін өндірісі басталып кеткен жобалар толық аяқталатыны айтылды. Яғни компания өз міндеттемелерінен бас тартпайды.
Tiger Films-тің бұл шешімі соңғы жылдары отандық киноиндустрияда орын алған қоғамдық сын мен қаржылық тәуекелдердің қаншалықты маңызды факторға айналғанын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай алдағы уақытта кино саласындағы шығармашылық еркіндік пен жауапкершілік мәселесіне қатысты жаңа талқылауларға түрткі болуы мүмкін.