Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қытайда наразы халық көшеге шықты

10:07, 28 қараша 2022 326


Қытайда бірнеше күннен бері Үкіметтің коронавирус инфекциясымен күрес саясатына жаппай қарсылық болып жатыр. Халық көшеге шығып, мемлекеттің саясатына қарсы ұрандар айта бастады.



Мысалы, Шанхай қаласында мыңдаған адам көшеге шықты. Наразылық акциясы Гуаньчжоу секілді ірі қалаларға да жеткен. Ал Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданының орталығы Үрімші қаласында қарсылық тіпті күшейіп жатыр. Бұл жерде Үкіметтің саясатына қарсылық өрттен 10 адам өлген соң басталған. Қаза тапқан адамдар өртенген пәтерден локдаунға байланысты шыға алмай қалған. Соның фотолары мен видеолары интернетте тарап кеткен соң, толқулар Бейжің мен Нанкин университеттерінде жалғасқан. Студенттер Үкіметтің саясатына қарсылықтарын білдіріп, алаңда төбе көрсеткен.



Осыдан кейін қарсылық акциясы елдің барлық үлкен қалаларына таралып, халық Коммунистік партия мен елдің басшысы Си Цзипиньге қарсы ашық қарлысықтарын білдіріп жатқан көрінеді.



BBC агенттігінің хабарлауынша, наразы халық «Си Цзиньпин, кет!», «Коммунистік партия, кет!» деген ұрандар айта бастаған. Осының өзі бірнеше айдан бері далаға шыға алмай отырған халық шыдамының шегіне жеткенін көрсетеді.



Сарапшылардың пікірінше, халықтың наразылығы бір жағынан Үрімшідегі өртке байланысты болса, екінші жағынан Си Цзиньпиннің шектеудің бұдан әрі жалғаса беретінін айтып, уәде бергенінен басталған. Халық соған қарсылық білдіріп жатыр. BBC-дің тілшісіне Шанхайда көшеге шыққан адамның бірі осыншама халықтың жаппай қарсылық көрсетіп жатқанын алғаш рет көргенін айтқан.



Қазір Қытай қалаларында қарсылық одан әрі жалғасып жатыр. Ал билік елдің Үкімет саясатына қарсылығы туралы ресми мәлімдеме жасамай отыр.



Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар