Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қымбат сыйлықтар мен бағалы бұйымдары үшін»: Оңтүстік Кореяның экс-бірінші ханымына үкім шықты

18:37, 26 маусым 2026

Сеул соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Кім Гон Хиді өз мүдделерін алға жылжытуды көздеген тұлғалардан ірі көлемде қымбат сыйлықтар алғаны үшін кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті, деп хабарлайды Alash.kz.

Тергеу және сот барысында анықталғандай, бұрынғы бірінші ханым биліктегі ықпалы мен саяси қолдауына үміт артқан түрлі кәсіпкерлерден, шіркеу пасторынан, білім беру комиссиясының бұрынғы басшысы мен экс-прокурордан құны жоғары бағалы заттарды қабылдап отырған. Мәселен, айыптау эпизодтарының бірінде Кім Гон Хи құрылыс компаниясының жетекшісінен 138 миллион вон (шамамен 43,4 миллион теңге) тұратын зергерлік бұйымдар алған. Бұл параның қарымы ретінде кәсіпкер өзінің күйеу баласын жоғары мемлекеттік қызметке тағайындауға көмектесуді сұраған. Өзге де бизнес өкілдері роботтандырылған иттер жобасына қолдау алуды немесе дипломатиялық делегациялар құрамына енуді көздеп, оған бағалы сыйлықтар тарту еткен.

Сот шешімімен экс-бірінші ханымның заңсыз алған барлық қымбат мүліктері, соның ішінде «Van Cleef & Arpels» брендінің гауһар алқасы, «Tiffany» брошы, «Dior» сөмкесі, қолсағаттар, алтын тасбақа мүсіншесінің арнайы футляры және корей суретшісі Ли Уфанның картинасы мемлекет пайдасына тәркіленетін болды. Кім Гон Хи бағалы заттарды алғанын мойындағанымен, олардың ешқандай қызмет көрсетумен немесе саяси қолдаумен байланысы жоқ екенін алға тартып, кінәсін ішінара теріске шығарды. Қорғаушы тарап бұл үкімге қатысты апелляциялық шағым түсіру мәселесін әлі нақтыламады.

Айта кетерлігі, бұл Кім Гон Хиге қатысты шыққан алғашқы сот үкімі емес. Бұған дейін ол Бірігу шіркеуінен заңсыз сыйлықтар алу және акциялардың бағасын қолдан манипуляциялау схемасына қатысқаны үшін апелляциялық сот шешімімен төрт жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Оның жоғары лауазымды жұбайы, Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль де үлкен саяси даудың ортасында қалды. Ол 2024 жылдың желтоқсан айында елде кенеттен әскери жағдай енгізуге әрекет жасағаны үшін парламент тарапынан импичментке ұшырап, кейіннен 2025 жылдың сәуірінде мемлекет басшысы қызметінен ресми түрде шеттетілген еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар