Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының вице-президенті болып тағайындалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасының Вице-Президенті болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, – делінген Ақорда таратқан хабарламада.
Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қариннің кандидатурасын вице-президент қызметіне ұсынды.
«Ең алдымен вице-президент кандидатурасы бойынша ақылдасуымыз керек. Мен осы лауазымды Конституцияға енгізудің маңызы жөнінде бұған дейін де айттым. Вице-президент мемлекеттік басқару ісінде айрықша рөл атқарады. Сондай-ақ атқарушы билік арасында теңгерімді рөл атқарады. Вице президент құрылтай депутаттарымен және Үкіметпен тығыз жұмыс істейді. Конституцияға сәйкес, мемлекет басшысы айқындаған істерді атқарады. Мен бұл лауазымға Ерлан Тынымбайұлы Қаринның кандидатурасын ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құрылтай депутаттары бұл ұсынысты қолдады. Дауыс беруге қатысқан 145 депутаттың 141-і Ерлан Қариннің кандидатурасын қолдап дауыс берді.