Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қазақстан университеттеріне үш жылдық бакалавриат енгізілмек". Кімдер оқуын ерте аяқтай алатыны белгілі болды

20:15, 29 тамыз 2026

Қазақстанда бакалавриаттың оқу мерзімі төрт жылдан үш жылға дейін қысқартылуы мүмкін. Алайда бұл өзгеріс барлық студентке бірдей қатысты болмайды. Университеттер оқу бағдарламасының ерекшелігі мен еңбек нарығының сұранысына қарай оқу мерзімін өздері қайта қарауға мүмкіндік алады, деп жазды Alash.kz.

Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбектің айтуынша, егер жұмыс беруші белгілі бір маманды төрт жыл күтпей, қысқа мерзімде даярлауды қажет ететінін негіздей алса, университет бағдарлама ұзақтығын үш жылға дейін қысқарта алады.

Бұл ретте білім көлемі азайтылмайды. Студенттер бұрынғыдай 240 кредит жинауы тиіс. Яғни төрт жылдық оқу бағдарламасындағы академиялық жүктеме үш жылға ықшамдалып беріледі.

Қазір үш жылдық бакалавриат форматы эксперимент ретінде Astana IT University базасында сынақтан өтіп жатыр.

"Бұл бәрін міндетті түрде қысқартамыз деген сөз емес. Біз университетке икемділік береміз", – деп түсіндірді министрдің міндетін атқарушы... "Work-based learning деген ұғым бар. Студенттер өндірісте дағдыларды меңгеретін практикалық компонент неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы. Бұл әсіресе инженерлік мамандықтар үшін өте маңызды", – деді Саясат Нұрбек.

Жаңа тәсілде студенттердің өндірістік практикасына, дуальды оқытуға және кәсіпорындарда тәжірибе жинауына да басымдық берілмек. Әсіресе инженерлік және техникалық мамандықтарда work-based learning элементтерін күшейту жоспарланған.

Министрлік бұл өзгеріс барлық университетке міндетті талап емес екенін атап отыр. Яғни үш жылдық бакалавриат – университеттерге берілетін икемді мүмкіндік, ал оның енгізілуі нақты білім беру бағдарламасы мен еңбек нарығының сұранысына байланысты болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар