Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Құлыбаевтар адал байып отыр – Жақсыбек Құлекеев

16:02, 13 мамыр 2024 707

Мемлекет қайраткері, экс-министр Жақсыбек Құлекеев жаңа Қазақстандағы кадрлар мен Құлыбаевтардың байлығына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды alash.kz Dalanews.kz cайтына сілтеп.

Құлекеевтің сөзінше, қазіргі таңда Қазақстанның саяси элитасы жаңарған.

«Жүйеде жаңа, жас адамдар көп. Жақында жаңа жас министр де тағайындалды. (...) Мемлекеттік органдарда мейлінше жақсы дайындалған адамдар болса деймін. Бұл жағынан ескі Қазақстанда жұмыс істеген адамдардың тәжірибесі көп. Ол кездегі шенеуніктің бәрі парақор және бір адамға қызмет етті деп айыптау дұрыс емес шығар. Олардың көбі адал қызмет атқарды және Қазақстан халқының мұң-мұқтажын тыңдап, жұмыс істеуге тырысты. Сондықтан ол жүйеде де лайық азаматтар бар. Жауапты қызметке адам таңдау кезінде белгілі бір баланс керек шығар. Сондықтан адамдарды ескі немесе жаңа Қазақстан өкілі деп бөлуді жақтамаймын. Бар болғаны 20 миллион адамбыз, сондықтан әр кадрды бағалауымыз керек. Себебі жақсы маманды дайындауға біраз жылдар кетеді», - дейді Жақсыбек Құлекеев Elmedia-ға берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Құлекеев Тимур және Динара Құлыбаевалардың жыл сайын баюына қатысты ойын айтты. Оның сөзінше, екеуі де адал байып жатыр.

«Қазіргі таңда, иә, олар адал байып отыр. Себебі олардың ірі бизнесі көп. Олар жас кезінен кәсіппен айналыса бастады. Олардың жан-жағында талантты менеджерлер көп. Қазақстанда көптеген өнеркәсіп ашты. Сондықтан осы жұмыстардың бәрі нәтижесін беріп отыр. Егер оларға жақсы жағдай жасалса, олар бұдан да көп нәрсе жасар еді. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Оларға Қазақстанның экономикасына инвестиция жасауға мүмкіндік беру керек. Қазір барлық жерде «анау жаман, мынау жаман» деп айғайлай береміз. Сосын олар Қазақстан экономикасына инвестиция салу дұрыс па немесе ақшаны сыртқа шығарып, шетелде бизнес дамыту керек пе деп ойланып қалады. Егер олар салықтарын төлеп, барлық міндетін орындап, мемлекетпен есептесіп қойса, қалған ақшаны қалағанынша жұмсай алады. Ал біз олар Қазақстан экономикасына инвестиция салса деп ойлаймыз. Олар қалай байығаны мені қызықтырмайды. Мен жағдайға экономист ретінде қараймын. Егер қазақстандық кәсіпкерде ақша болса оған қызғанып қараудың қажеті жоқ. Керісінше олар Қазақстан экономикасына инвестиция жасауына жағдай жасау керек», - дейді Құлекеев.

Сұхбат барысында Жақсыбек Құлекеев Тимур Құлыбаевтың «Қазмұнайгаздағы» ықпалы туралы айтты.

«Қазіргі таңда оның компанияда ықпалы қалмады. Жаңа президент келгелі, әсіресе 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін бәрі «тазартылды». Бұл жерде (компанияда) Тимур Құлыбаевқа қатысы бар адамдар қалмады. Тіпті кейбір адамдарды әділетсіз жұмыстан шығарып жіберген шығар, олар «Қазмұнайгаздың» дамуына үлес қосар ма еді? Бірақ болары болды, бояуы сіңді. Қысқасы, Құлыбаев «Қазмұнайгаздағы» маңызды шешімдер қабылдауына ешқандай әсер ете алмайды», - дейді Құлекеев.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар