Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Құлыбаев шын мәнінде ештеңе қайтарылып жатқан жоқ - Әкежан Қажыгелдин

10:47, 20 мамыр 2024 498

Белгілі саясаткер Әкежан Қажыгелдин Jusan bank пен Назарбаев қорының байланысы туралы және банкке мемлекеттен құйылған миллиардтар туралы айтты, - деп жазды Alash.kz.

«Тимур Құлыбаев 150-200 цистерна қайтарды» деп жарыса айтады да, бәрі «оо, ақыры активтер қайтарыла бастады ғой» деп ойлайды. Ал шын мәнінде ештеңе қайтарылып жатқан жоқ. Ол (Құлыбаев) саудасын баяғыдай жүргізіп жүр. Газ Қара теңізге бұрынғыдай тасымалданып жатыр. Елде газға қатыстының бәріне бір әулетпен байланысты екенін білеміз. Арасында орындары ауысып қана тұрады. Шәріпбаев келсе сол айналысады,  Боранбаев болса сол айналысады – бәрі бір әулеттің қолында. Бірде-бір аудит жүргізбей не болғанын түсіндіре алмаймыз», - дейді Dalanews.kz Әкежан Қажыгелдин Elmedia-ға берген сұхбатына сілтеме жасап.

Қажыгелдин Jusan bank пен Назарбаев қорының байланысы туралы айтты.

«Jusan bank иесі Невадада. Оның қалтасына аспаннан долбарлап айтқанда 1,2 миллиард актив түсті. Бұл өте көп ақша. Біреу оларға бұл ақшаны берді. Кім екенін де білеміз. Бірақ мұны Қазақстан билігі өзі мәлімдеп айтқанын қалаймыз. Тергеу жүргізіп, ақша қайдан түскенін айтуы керек. 1,2 миллиард бір жерден келсе, демек ол ақша бір жерден шықты ғой? Біз бұл Назарбаев қорынан түскен ақша деп ойлаймыз. Ал қордаға ақша Назарбаевтың қаржысы емес, ол мемлекеттің ақшасы. Себебі оның барлық кітабын сатқанның өзінде ары кетсе үш миллион жиналады. Бірақ 1,2 миллиард емес», - дейді Қажыгелдин.

Ал Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің сөзінше, Назарбаев қорымен, Jusan bank-пен Қазақстан үкіметі жұмыс істеп жатыр.

«Маған жеткен ақпараттар бойынша және мемлекеттік органдардың түсіндіруі бойынша, Назарбаев қорымен, Jusan bank-пен Қазақстан үкіметі жұмыс істеп жатыр. Ол жөнінде қоғамға ақпарат берілмейді. Ол қалай істеп жатыр? Қандай мақсатта, қандай негізде жұмыс істеп жатқанын біз білмейміз. Бірақ мендегі ақпарат бойынша Қазақстан үкіметі Jusan bank-қа өз еркімен келісімдер мен белгілі мөлшерде активтерді қайтару мәселесі жөнінде әңгіме болып жатыр. Бірақ оның нақты тетіктерін білмеймін», - дейді Ермұрат Бапи Elmedia-ға берген сұхбатында.

Депутат мәжілістің күзгі сессиясы басталған кезде бірнеше депутат Бас прокуратураға сауал жолдап, активтерді қайтару заңының орындалу барысы жөнінде қандай жұмыстар атқарылғаны туралы есеп сұрайтынын айтты.

«Егер оны қоғамға естуге болмаса тым құрығанда депутаттардың алдында жабық түрде есеп берсе деген ұсыныспен шығамыз. Себебі біз заңды қабылдаймыз, өндіріске береміз, бірақ заңның орындалу барысын бақылай алмаймыз. Бұл нонсенс қой! Ал біз қабылдап берген заңды тиісті мемлекеттік органдар өзінің ыңғайына қарай бұрып алады. Бұл да біздің қоғамдағы заңнама мәселесіндегі проблема», - дейді депутат.

Сонымен қатар, депутат Тимур Құлыбаевтың Германиядағы активтері туралы айтты.

«Қарап отырсақ, Құлыбаев активтерді жылжымайтын мүлік көлемінде қайтарып жатыр. Ал Құлыбаевтың мұнай активтері жөнінде әңгіме жоқ. Ол жаққа әлі барған да жоқпыз. АЛМЭКС арқылы қаншалық мұнай саласында активі бар, оны қайтару керек, бірақ ол жайлы әңгіме жоқ. Біз мұны көтердік, бірақ билік тарапынан нақты жауап жоқ. Қарабайыр жауаппен бізді алдайды», - дейді Ермұрат Бапи.

Айта кетейік, бұған дейін Әкежан Қажыгелдин Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың Қазақстандағы мемлекеттік органдарындағы ықпалы, Самат Әбіш ісі мен елдегі жүйе туралы айтқан болатын. Қажыгелдиннің сөзінше, Тимур Құлыбаевтың мемлекеттік органдардың шешімдеріне әсері прокуратураның, заңдардың, Мәжілістің, Үкімет пен Президент Әкімшілігінің ықпалынан күштірек. Ол Құлыбаевтан құтылу үшін барлық заңдарды қайта қарауымыз керегін айтқан еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар