Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қошанов Қытайда жүр. Шыңжаңдағы қазақтарды «алтын көпірге» теңеді

17:19, 26 сәуір 2024 555

Бүгін мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барып, жолай Үрімжіге соққан. Онда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Қытай коммунистік партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті.

Тараптар екі жақты, соның ішінде өңіраралық ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегін талқылады.

– Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында болды. Одан кейін Сіз Қазақстанға жұмыс сапарымен келдіңіз. Бұл оқиғалар Шыңжаң мен Қазақстанның шығыс облыстары арасындағы өңіраралық байланыстарға тың серпін берді. 1783 шақырымға созылған ортақ шекарамыз бар. Оған қоса, осы Шыңжаң аумағында біздің 1,6 миллионнан астам қандасымыз, қазақ бауырымыз тұрады. Олар Қазақстан мен Қытай арасындағы «алтын көпірге» айналды, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы Шыңжаң Қазақстан үшін достас Қытайға жол ашатынын және бұл оның екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтудағы рөлін көрсететінін атап өтті.

Жиын барысында Мәжіліс төрағасы екі елдің депутаттары өзара келісімдер мен уағдаластықтардың орындалу сапасын жүйелі түрде бақылай алатынын атап өтті.

Басқосуда сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық мәселелері де қозғалды.

- Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жартысынан астамы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына тиесілі. Өсу қарқыны көңіл қуантады. Бұған былтыр қараша айында енгізілген визасыз режим оң әсер еткені сөзсіз. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үрім;і қаласында QazTrade сауда өкілдігі ашылады. Оның қызметі екі ел арасында іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталады, – деді Ерлан Қошанов.

Тараптар Қазақстан аумағында электронды сауданы дамыту үшін бірлескен өңірлік қойма инфрақұрылымын құру идеясын да талқылады. Сондай-ақ көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, трансшекаралық су ресурстары және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде Ма Синьжуй Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жасаған сапарының маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі таңда Шыңжаңның Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған тарихи деңгейге жетті.  Ол Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын жүзеге асырудағы негізгі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Жақын арада «Аягөз-Тачэн» үшінші теміржол шекара өткелінің құрылысы басталады. Ол Шыңжаңның Қазақстанның шекаралас облыстарымен байланысын одан әрі кеңейтіп, Қытайдың Орталық Азияға алтын қақпасы ретіндегі рөлін нығайтады.

– Қазақстан реформаларды жүйелі түрде жүргізуде. Біз сіздер үшін қуаныштымыз. Президент Тоқаев бастаған реформалар өз жемісін береді деп сенеміз. 2029 жылға қарай Қазақстан экономикасының өсуі қарапайым азаматтардың өміріне екі есе оң әсер етері сөзсіз. Бұл жерде Қытай мен Қазақстанның әлеуеті байланысты және бір-бірін толықтыратыны маңызды. Біздің энергетика, ауылшаруашылығы, гуманитарлық салада болашағымыз зор, - деді Ма Синьжуй.

Сапар барысында Мәжіліс делегациясы Қытайдағы ең ірі ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші «Xinjiang Xinyan» компаниясының қызметімен танысты.

Abai.kz

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар