Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім-жітімді қалай тоқтатпақшы?

11:13, 07 маусым 2022 219
 


Қазақстан қорғаныс министрлігі бейбіт уақытта әскердегі өлімге жол бермейтін бағдарлама әзірлейтінін хабарлады. 7-маусымда қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланған бұл ақпаратта бұл "Әскерде нөлдік өлім бағдарламасы" деп аталған.


Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, министр Руслан Жақсылықов әскери қолбасшылармен жиын өткізіп, "бейбіт уақытта әскери қызметкерлердің жаралануы мен қаза болуына жол бермеу үшін барлық лауазымды тұлғалар іс-шара қолдануға тиіс" деген тапсырма берген.


Қорғаныс министрлігінің сайтындағы ақпаратта Руслан Жақсылықов "жауынгердің қазасы мен жаралану себептерін жан-жақты талдайтын" жұмыс тобын құру тапсырған.


- Бағдарламаны әзірлеуге қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғаларын, ардагерлер ұйымдарын, білім және медициналық мекемелер өкілдерін, психологтарды да тарту қажет,- дейді қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.


Кейінгі кездері әскердегі жауынгер қазасы туралы ақпараттар көбейе түскен. 4-маусымда ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы әскери бөлімінің жауынгері Еділ Тешебаев жұмбақ жағдайда қаза болған.


ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз бөлімі де "Еділ Тешебаев өз-өзіне қол жұмсады, алдына ала ақпарат бойынша, суицидтің себебі әскери қызметпен емес, отбасылық тұрмыстық проблемалар болған, құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр" деп хабарлаған.


Еділ Тешебаевтың әке-шешесі мен туыстары және достары оның өз-өзіне қол салғанына сенбей, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан іске араласуын сұраған еді. Осыдан кейін Ақорданың баспасөз қызметі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскерде жиілеген адам өлімі жөнінде арнайы комиссия құруды тапсырғанын хабарлаған.


Сәуірде Жамбыл облысындағы әскери бөлімде келгеніне төрт күн болған 18 жастағы Әлібек Қалбай есімді жауынгердің жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Бастапқыда жауынгердің "таңғы сап кезінде есінен танып қалғаны", артынша мерт болғаны хабарланған. Кейін қорғаныс министрлігі "Әскери қызметшiлер қарым-қатынасының жарғылық қағидаларын бұзу" (ҚК 440-бабы, 4-бөлігі) бабы бойынша іс қозғалып, күдікті анықталғанын мәлімдеген.


Былтыр, 2021 жылы қазанда Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген жауынгердің "өз-өзіне оқ атып" мерт болғаны хабарланған. Бірақ марқұмның туыстары ресми хабарламаға күмәнмен қараған. Оның алдында көктемде Жамбыл облысында бір жауынгер казарма терезесінен секіріп мерт болды. Сарапшылар әскери бөлімдерде әлімжеттік жиі кездесетінін мойындап отыр.




Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар