Белгілі заңгер Мейірман Шекеев желіде қазақ халқын қорлап, ар-намысқа тиетін сөздер айтқан Қазақстан азаматтарына қарсы шағым түсіргенін айтты, деп жазады Alash.kz.
Бұған дейін желідегі стримде отырып, Алматы қаласының ескі атауы «Форт-Верный», ал оған отарлаушылардың қалай келгені туралы тарихты туралы бұра тартып, әңгімелеген стримерлердің видеосы тараған еді.
Оған қоса, «28-Панфиловшілер» паркінде «Қазақтар мен иттерге кіруге тыйым салынған» деген зілді мәлімдеме жасаған. Желі қолданушысының бұл сөзі талқыға түсіп, көпшіліктің ашуына тиді.
Осындай шовинистік істерге қарсы шығып, заңды талап қойып жүрген заңгер Мейірман Шекеев бұл туралы былай деді:
«Құрметті достар, мынаны таңертең маған әр жақтан жіберіп жатыр. Одан бөлек, қазір екі адвокат інім келіп, «Аға, не істейміз» деп отыр. Бұл - сұмдық! Біз қазір блоктамаймыз. Арнайы Ішкі істер министрлігіне арыз түсіретін боламыз. Алдын-ала ақпарат бойынша, бұл - Қазақстан азаматы. Біздің қазақтың болмысын, қазақ халқының намысын таптатуға жол бермейміз».