Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстанның қолданыстан қалған ұшақтарды сатқаны рас па?

19:53, 29 сәуір 2024 495

Әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде аты-жөнін жасырғысы келген қалталы азамат Украина қарулы күштеріне қосалқы бөлшектерге беру үшін қолданыстан шығарылған әскери ұшақтарды Қазақстаннан сатып алғаны туралы хабарлама тарған болатын. Бұл ақпаратты «Қазспецэкспорт» жоққа шығарды, деп хабарлайды alash.kz “Адырнаға” сілтеп.

Хабарламада 2023 жылдың қазан айында Қазақстан пайдаланудан шығарылған 117 кеңестік жойғыш және бомбалаушы ұшақтарды аукционға қойғаны атап өтілген.

Айта кетсек, «Қазспецэкспорт» кәсіпорнын Қазақстан үкіметі еліміздің Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарын қамтамасыз ету және қару-жарақ пен әскери техниканы, сондай-ақ әскери мүлікті әкелу және әкету салаларында жұмыс жасау мақсатында құрған.

«Міндетті түрде жою шартымен әуе кемелерін сату бойынша барлық аукциондарды кәсіпорын уәкілетті орган берген тиісті лицензиялары бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары арасында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізді, аукциондарға қатысуға рұқсат етілмеді. Кәдеге жарату процесі толығымен теңгерім ұстаушылардың бақылауында», - делінген «Қазспецэкспорт» сайтындағы хабарламада.

Олар сондай-ақ «барлық әуе кемелері, оларға арналған бөлшектер мен тораптарды кесу (бөлу, ұсақтау) арқылы және олардың бастапқы қалпына келтірілуін болдырмайтын басқа да әдістермен теңгерім ұстаушылардың аумағында жойылады және тек аумақтан шығарылады» деп мәлімдеді. 

Дегенмен, украиналық БАҚ-қа сілтеп ақпарат таратқан Ресейдің Аvia.pro агенттігінің бүгінгі хабарына қарағанда,  Қазақстан Украинаның қажеттіліктері үшін АҚШ-қа пайдаланудан шығарылған 81 ұшағын сатқан сияқты.

Ақпаратқа сәйкес, Қазақстан ескірген кеңестік жауынгерлік ұшақтардан бас тартып, ресейлік Су-30СМ көп мақсатты жойғыш ұшағы сияқты заманауи үлгілердің пайдасына өзінің әскери авиациялық паркін жаңарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

«Осы процестің аясында Қазақстан үкіметі кеңестік дәуірдегі 117 жойғыш және бомбалаушы ұшақтарға аукцион жариялады. Оның ішінде 1970-1980 жылдары шығарылған МиГ-31, МиГ-27, МиГ-29 және Су-24. Лоттың жалпы құны 1 млрд теңгеге (шамамен 1,5 млн АҚШ доллары) бағаланады. Әуе кемесі пайдалануға жарамсыз және оларды жаңғырту үнемді емес деп танылды»,- делінген ақпаратта. 

Kyiv Post атап өткендей, АҚШ бұл ұшақтардың 81-ін теңіз құрылымдары арқылы сатып алған. Бұл ұшақтардың түрлері украиндық қызметте болғандықтан, олар ақырында Киевке қосалқы бөлшектер ретінде немесе аэродромдарда муляж ретінде пайдалануға беріледі деп болжануда.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар