Қазақстанда тағы бір дрон факультеті ашылады. Бұл келісімге индустрия және құрылыс министрлігі делегациясының Оңтүстік Кореяға сапары кезінде қол жеткізілді, деп хабарлайды alash.kz сайты 24.kz-ке сілтеп.
3 күн ішінде қонақтар Корея үкіметінің мүшелерімен, ірі компаниялардың басшыларымен келіссөздер жүргізіп, Джей және Шинхан университеттерінде болды. Онда олар лекцияларға қатысып, ұшқышсыз ұшақтарды жасау үшін инженерлерді оқыту үдерісімен танысты.
Индустрия және құрылыс министрлігінің мәліметінше, әзірге Қазақстанда екі университетте ғана ұшқышсыз ұшу кафедрасы бар. Енді біреуі Джей университетінің көмегімен ашылады. Кореялық профессорлар Қазақстанда ұшқышсыз ұшақтар саласына кадрлар дайындайды.
“Джей академиясында жоғары сынып оқушылары мен өндірісте жұмыс істейтіндер үшін арнайы бағдарламалар бар. Осы бағдарламалар арқылы мамандарды дайындаймыз. Джей университетінің өкілдері Қазақстанға келіп, техникалық университеттерді аралап, олардың арасынан серіктестерді таңдайды. Корей және түрік тарапы бізге ұшқышсыз ұшақтарды шығару технологиялары мен құзыреттерін беруге дайын”, – деп мәлімдеді индустрия және құрылыс вице-министрі Азамат Бейспеков.