Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша автомобиль жолдары саласын реформалау, жол құрылысының сапасын арттыру және бұл бағыттағы заңбұзушылықтарды жою мәселелері жөнінде кеңейтілген жиын өткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Жолдардағы ойықтар мен жарықтардың пайда болу себептерін сараптаған мамандар Үкімет басшысына қолданыстағы нормативтерді елдің климаттық шарттары мен көлік жүктемесіне сай жаңарту жөнінде бірқатар ұсыныстар ұсынды. Атап айтқанда, жол төсемінің беріктігін арттыру үшін текше пішінді қиыршықтастың ұсақ фракцияларын пайдалану, модификацияланған және иілгіш битум түрлерін қолдану, сондай-ақ жарық шағылысатын жаңа таңбалар мен бұзбай бақылайтын озық технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, құрылыс материалдарын дайындаудан бастап, мердігер ұйымдардың орындалған жұмысқа кепілдік беру жауапкершілігін күшейтуге дейінгі талаптар қатаңдайды.

Бұл жиынға Құрылтай депутаттары Замир Сағынов пен Мейрхат Қасымбаев, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Бағдат Телтаев және өзге де сарапшылар қатысып, жол салу мен оны пайдалану мәдениетін көтерудің өзектілігін қуаттады.
Сондай-ақ отандық жол құрылысын сапалы битуммен қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев бұл мәселені Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен бірлесе зерттеп, оны сақтау мен тасымалдау жүйесін түгендеуден өткізгенін хабарлады. Нәтижесінде Каспий битум мен Павлодар мұнай-химия зауыттары тиісті тапсырыс түскен жағдайда 50/70, 70/100 маркалы өнімдерді және полимерлі-модификацияланған құрамдарды шығаруға толық дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, салада Superpave технологиясы мен полимерлі-модификацияланған асфальтбетон кеңінен қолданылып, зертханалық бақылау күшейтіледі.

Жол төсемдерінің мерзімінен бұрын бұзылуын болдырмау мақсатында салмақ пен габариттік бақылау талаптары бекемделеді. Автоматтандырылған өлшеу стансаларын айналып өтетін ауыр жүк көліктерін цифрлық жүйе арқылы автоматты түрде тіркеу заңнамалық түрде бекітіліп, шектен тыс жүк тиегендерге жауапкершілік артады. Бүгінде барлық цифрлық құралдар бірыңғай E-Kolik жүйесіне біріктірілуде. Сонымен бірге, орталық және жергілікті органдардың өзара үйлесімін арттыру арқылы өңірлік маңызы бар жолдарды басқару жүйесі де қайта қаралатын болады.

Сондай-ақ жиында саладағы заңбұзушылықтардың да беті ашылды. Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өміралиев автожол секторында жүргізілген тексерулердің алдын ала қорытындысын баяндады. Жоспарлаудан бастап пайдалануға берілгенге дейінгі аралықта жүйелі кемшіліктер тіркеліп, қазіргі таңда 33 сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Мемлекетке келтірілген алдын ала залал мөлшері шамамен 8 миллиард теңгені құрап отыр. Мұнымен қоса, прокурорлар кепілдік мерзімі аяқталмаған жолдарға қайтадан тендер жариялау сияқты негізсіз мемлекеттік сатып алу жоспарларының күшін жою арқылы 36 миллиард теңге сомасындағы заңсыз шығындардың алдын алды.

Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы Жұмыс тобына қараша айының соңына дейін автожол саласын реформалау жөніндегі талқылауларды аяқтап, кешенді ұсыныстар пакетін әзірлеуді тапсырды. Үкімет басшысы ұсынылатын барлық шаралар республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын, ұзақмерзімділігін және толық құрылыс циклін қамтуы тиіс екенін қадап айтты.