Түркістан облысындағы кафель өндіретін зауыттардың бірінде танымал спортшы Тілектес Әділ өмірден өтті, деп хабарлайды Alash.kz
Марқұмның досының әлеуметтік желідегі хабарламасына сүйенсек, қайғылы жағдай спортшының жұмыс орнында болған. Еңбек барысында ол абайсызда электр сымына тиіп кетіп, ток соққысынан кейін биіктіктен құлаған. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Осылайша, өндірістегі жазатайым жағдай салдарынан есту қабілеті төмен спортшылар арасында ел намысын абыроймен қорғап жүрген саңлақ мезгілсіз ажал құшты.
Тілектес Әділ Бақытжанұлы спортта үлкен межелерді бағындырған спортшы еді. Ол 2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының II Спартакиадасында грек-рим күресінен 55 кг салмақ дәрежесінде топ жарса, 2019 жылы Қостанайда өткен ересектер арасындағы командалық Қазақстан чемпионатында 60 кг салмақта алтын медаль иеленді. Сонымен қатар, ол бірнеше рет республикалық және халықаралық бәсекелерде жүлдегерлер қатарынан көрінген.
Соңында жары мен екі баласы қалған азаматтың қазасы туған-туыстары мен спорт қауымдастығына ауыр тиді.