Үкімет басшысы Олжас Бектенов заңсыз қайтарылған активтер есебінен күрделі жөндеуден өткен Балқаш қаласының әуежайына арнайы барып, нысанның жаңартылған инфрақұрылымымен танысты. Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен өңір әкімдіктеріне жол құрылысының сапасын арттыруды қатаң тапсырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Соңғы 7 жыл ішінде елімізде 36,3 мың шақырым жол төселіп, жөндеуден өтсе, тек биылдың өзінде 11 мың шақырымнан астам автомобиль жолы құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен қамтылған.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов халық тарапынан түсетін арыз-шағымдардың көбі дәл осы жергілікті жолдарға қатысты екенін баса айтып:
«Президент өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғырту, әсіресе жолдардың сапасын жақсарту мәселесін әрдайым атап өтуде. Орталықтан қажетті қаражат бөлінуде. Жергілікті жерлерде оның мақсатты жұмсалуына, ең бастысы – жұмыс сапасына бақылауды күшейту қажет. Ел ішіндегі және халықаралық маңызы бар жолдар барлық сапа стандарттарына сәйкес келуі керек. Әкімдік өзіне сеніп тапсырылған аумақтағы жұмыстарды бақылауға алуы тиіс. Азаматтардың шағымдарының басым бөлігі дәл осы ішкі жолдарға қатысты. Бұл мәселені қатаң бақылауға алыңыздар», — деп ескертті.
Жаңғырту жұмыстары аясында 1967 жылы бой көтерген Балқаш әуежайының тарихи сәулеті сақтала отырып, ғимарат аумағы 1,8 мыңнан 2,7 мың шаршы метрге дейін кеңейтілді. Нәтижесінде нысанның өткізу қабілеті сағатына 80 жолаушыға жетіп, ұшу-қону жолағы мен перроны толықтай жаңарды. Мемлекет басшысының ішкі туризмді дамыту тапсырмасы аясында іске асқан бұл жобаға қайтарылған активтердің Арнаулы мемлекеттік қорынан 946 млн теңге бағытталған. Қазіргі таңда 11 жаңа арнайы техникамен жарақтандырылған әуежай ICAO халықаралық стандарттарына толық сай келеді.
Өңірдегі көлік инфрақұрылымының жақсаруы туризм ағынына да оң әсерін тигізді. Жазғы маусымда Астана мен Алматыдан Балқашқа аптасына 5 рет субсидияланатын әуе рейстері қатысап, Қарағандыдан арнайы пойыз қатынасы іске қосылған. Соның нәтижесінде 2026 жылғы жазғы маусымда Балқашқа 200 мыңға жуық саяхатшы келіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 18,3%-ға өсті. Ал туристік саладан түскен табыс 4 млрд теңгеден асты.