Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаңтарда оққа ұшқан туыстарын ақтауды талап еткен топқа билік "уәде беріп" үйлеріне қайтарды

07:05, 15 шілде 2022 351
11 шілде мен 14 шілде аралығында Нұр-Сұлтанда наразылық өткізіп, Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан туыстарын ақтауды талап еткен топқа билік өкілдері "уәде беріп", үйлеріне қайтарды. Бұл жөнінде Қазақстанның түрлі өңірінен келген азаматтардың өздері хабарлады. Әлеуметтік желіде тараған видеолар да соны дәлелдейді.



14 шілде оларды полиция Ақорда маңынан ұстап, бөлімшеге жеткізген. Артынша наразылармен әкімдік және прокуратура өкілдері сөйлескен.

– Әр қаланың әкімдігі мен прокуратурасынан бір-бір адамнан келіп, әр қаланың адамдарын алып кетті. Бәріне уәде берді. "Міне, қалаға барамыз, бітті, талап-арыздарыңызды орындаймыз. Балаларыңыздың баптарын аламыз. Бүйтеміз-сүйтеміз, тыныштық береміз" деді. Бір апта бойы осы ата-аналар чатта хабарласып отырамыз. Бір апта ішінде орындамаса, қайта шығамыз. Ол кезде көбірек шығамыз және жағда басқаша болады деп айттық. Маған да уәде берді. Уәделеріне сендім. Уәде – уәде. Енді көреміз. Қазір Шуға жақындап қалдық. Билік балаларымызды атса, енді бізді де атып тастасын. Сондай уәжбен шығамыз" деді Бақытжан Шыңғысбеков 15 шілде таңертең Азаттық тілшісіне.

Қазір көбінің телефоны алмайды. Бір күн бұрын наразылардың бірі Шапағат Қадырова Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Артур Алхастовқа "үйімізге қайтарып жатыр, бәрімізге уәде берді" деген. Ол видео әлеуметтік желіде тарады. Шапағат Қадырованың сөзіне қарағанда, олар бейбіт түрде билікке өз талаптарын жеткізгісі келген, бірақ полиция оларды күштеп ұстап әкеткен.

Ақорда маңында қонғанына үш күн болған 20 шақты наразы биліктен Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан туыстарын ақтауды, оқиғаны әділ тергеуді талап еткен. Олардың сөзіне қарағанда, тергеу органдары "еш дәлел көрсетпестен марқұм азаматтарға ауыр баптар тағып жатыр".

13 шілдеде президент әкімшілігінің өкілі оларды бір-бірден қабылдайтынын айтқан, алайда наразылар "бәрімізді бірге қабылдаңыздар, талабымыз ортақ" деп ұсынысқа келіспеген. Ал прокуратура өкілдері арыздарына 15 күн ішінде жауап беретінін айтқан.

Билік бұған дейін Қаңтар бойынша істердің "әділ тергеліп жатқанын" айтқан.

  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Билік шетелде дайындықтан өткен "террористер шабуылы" туралы айтты, бірақ оған дәлел-айғақ келтірген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ол сонымен бірге елде билікті күшпен басып алу талпынысы болғанын айтып, алайда оны кім ұйымдастырғанын нақтыламады.

  • Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адам тергеу изоляторында көз жұмған. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты жарияламады.




 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар