Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қанай беруге болмайды. Көп бизнес жабылып қалуы мүмкін" — Депутаттар ҚҚС жайында не дейді?

10:24, 30 қаңтар 2025 421

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елімізде қосылған құн салығы шегін көтеруге қатысты пікірін білдірді, деп жазады Alash.KZ. 

Депутаттың айтуынша, Үкіметтің қосымша құн салығын көтеру ұсынысын кәсіпкерлермен талқылау керек. Өйткені ҚҚС мөлшерін бірден көтеріп жіберсе, көлеңкелі бизнестің үлесі артуы мүмкін.

«Жан-жақты талдап алып, шешім қабылдау қажет. Бір жағынан бизнесті өлтіріп алмауымыз керек, екінші жағынан бизнестің ашық жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз қажет. Осы мәселелер бойынша бір консенсусқа келуіміз керек, ертең көп бизнес жабылып немесе көлеңкелі бизнеске кетіп қалуы мүмкін. Кейбір бизнес өкілдері өз кәсібін бөлшектеуі де мүмкін», — деді депутат.

«Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев та ҚҚС-тың көтерілуі шағын және орта бизнесті көлеңкелі экономикаға итермелеуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Мұны жоққа шығаруға болмайды. Әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. ҚҚС бойынша бұл мәселені жаңа Салық кодексіне түзетулер енгізілген кезде талқылайтын боламыз. Біздің өз ұстанымымыз, бұрыннан келе жатқан ұсыныстарымыз бар. Олардың ішінде ҚҚС пен сату салығын қолдануда ЭЫДҰ мен Еуропа Одағы елдерінің тәжірибесіне негізделген әртүрлі тәсілдер де қарастырылған. Біз мұның бәрін талқылаймыз», — деп жауап берді Перуашев.

Ал Депутат Ринат Зайытов бюджетке қажет қаржыны халықтан алу жақсылыққа апармайды деп тұжырымдайды. Ол бұл мәселе әлі талқыланатынын айтады. ҚҚС туралы құжат Мәжіліске келгенде, үлкен дау болмақ.

«Тесік қапқа қол жая бергеннен, еш мәселе шешілмейді. Халықтың өзі де біреуін біреуіне жеткізе алмай әрең күн көріп жүр. Қанай беруге болмайды», – деді депутат.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар