Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Қабылданған жоспарлар… Жұмысымды аяқтадым”: Қызметінен босатылған Оқу-ағарту бірінші вице-министрі мәлімдеме жасады

13:19, 16 шілде 2026

Үкімет қаулысымен Оқу-ағарту бірінші вице-министрі қызметінен босатылған Майра Мелдебекова желідегі парақшасында жазба жариялады, деп жазады Alash.kz

Экс-вице-министр осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылап, өзіне қолдау көрсеткен әріптестеріне алғыс білдірді.

“Бүгін мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі қызметіндегі жұмысымды аяқтадым.

Бұл қызмет – білім беру жүйесін дамытуға арналған көп жылғы еңбегімнің кәсіби белесі.

Еңбек жолымды қарапайым мұғалім болып бастадым. Жолдасымның әскери қызметіне байланысты еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлеріндегі мектептерде еңбек еттім. Әр өңірде жаңа ұжымға бейімделіп, педагогикалық қызметімді жалғастырып математика, физика және информатика пәндерінен сабақ бердім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым. Еліміздің түрлі өңірлерінде еңбек ету менің кәсіби тұрғыдан шыңдалуыма, өмірлік тәжірибемнің толығуына үлкен ықпал етті.

Министрліктегі еңбек жолымды бас сарапшы қызметінен бастап, мемлекеттік қызметтің түрлі сатыларынан өттім. Білім беруді ақпараттандыру басқармасын басқарып, елімізде тұңғыш электронды оқулықтарды енгізу ісіне тікелей атсалыстым. Білім беру мазмұнын жетілдіру, білім сапасын бағалау, сондай-ақ стратегиялық жоспарлау және білім жүйесін дамыту сұрақтарымен айналыстым.

Қызылорда облысының білім басқармасында еңбек ете отырып, жергілікті атқарушы билік жүйесінің ерекшеліктерімен таныстым. Бұл кәсіби тәжірибемді айтарлықтай толықтырды. 

Пандемия кезеңінде Орта білім беру комитетін басқарып, сол қиын кезеңде білім алушылардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуын қатар қамтамасыз ететін оқу процесін ұйымдастырудың жаңа ережелерін әзірлеуге тікелей атсалыстым.

Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінде қызмет атқарғанда PISA, TIMSS және PIRLS сияқты халықаралық зерттеулерді үйлестіру және іске асыру жұмыстарына қатыстым. 

Осы бағыттардың барлығын терең меңгеру және жинақтаған кәсіби тәжірибем маған вице-министр қызметін абыроймен атқаруға мүмкіндік берді.

Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі қалыпты, штаттық режимде жұмыс жасауда. Барлық негізгі бағыттар бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда, қабылданған жоспарлар мен бастамалардың жалғасын табатынына сенімдімін.

Маған тәлім берген ұстаздарыма әріптестеріме, білім беру ұйымдарының басшыларына, педагогтерге, сарапшыларға және бірге еңбек атқарған баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін”,- деп жазды Майра Мелдебекова.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар