АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс ушығып барады. Трамп жаңа әскери әрекеттер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ALASH.KZ.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операциялардың әзірге тоқтамайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, шабуылдар Иран тарапы келіссөздерге келіскенге дейін жалғасуы мүмкін.
Fox News телеарнасына берген сұхбатында Трамп алдағы күндері әскери қысымның күшейетінін айтып, Иран келіссөздерден бас тартқан жағдайда елдің стратегиялық инфрақұрылымына соққы жасалатынын ескертті.
«Шабуылдарды тоқтату туралы шешімді өзім қабылдаймын. Осы аптада операциялар жалғасады, ал келесі аптада жағдай бұдан да күрделене түсуі мүмкін. Егер Иран келіссөз үстеліне отырмаса, олардың электр станциялары мен көпірлері нысанаға алынуы ықтимал», – деді АҚШ президенті.
Ал Иран Қарулы күштері де өз ұстанымынан бас тартпайтынын мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сәйкес, Тегеран Таяу Шығыста орналасқан АҚШ әскери базаларына қарсы шабуылдарды «толық жеңіске жеткенге дейін» жалғастыратынын хабарлаған.
Осылайша, екі ел арасындағы әскери-саяси текетірес жаңа деңгейге көтеріліп, халықаралық қауымдастық жағдайдың одан әрі ушығуына алаңдаушылық білдіруде.