Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ең қабілетті жастарымыз шетелге кетіп жатыр. Мықты кадрларды ұстап қалу қиындады" - академик Асқар Жұмаділдаев

14:34, 16 шілде 2026

Математика ғылымының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев қазіргі білім беру жүйесіне қатысты пікір білдіріп, репетиторларға сұраныстың артуын білім саласындағы реформалардың салдары деп бағалады, деп жазды Alash.kz.

Ғалымның айтуынша, білім беру жүйесінде жүргізілген жүйесіз реформалар мектеп оқушыларының қосымша сабақтарға тәуелді болуына әкелген.

«Қазіргі репетиторлардың дәурені – министрлік жүргізген реформалардың жемісі. Жүйесіздік пен шалағайлық білім саласын осындай жағдайға жеткізді. Біресе біреуге, біресе екіншіге еліктеп, білім жүйесін сынақ алаңына айналдырдық. Соның салдарынан мектепте бағдарламаны толық меңгере алмайтын, қосымша сабаққа тәуелді ұрпақ өсіп келеді», – деді ол.

Асқар Жұмаділдаев сондай-ақ Қазақстандағы реформалардың шетелдік тәжірибені толыққанды емес, ішінара енгізумен шектелетінін айтты. Оның пікірінше, дамыған елдердің өнімдері мен технологияларын пайдаланғанымен, олардың еңбек мәдениеті мен даму қағидаттарын қабылдауға жеткілікті көңіл бөлінбей келеді.

Сонымен қатар ғалым ағылшын тілін күшейту саясатының да салдарына тоқталды. Оның айтуынша, шетел тілдерін меңгерген дарынды жастардың едәуір бөлігі оқуын аяқтаған соң басқа елдерге кетіп жатыр.

«Біз балаларды ағылшынша оқытамыз дедік. Нәтижесінде ең қабілетті жастарымыз шетелге кетіп жатыр. Мықты кадрларды ұстап қалу қиындады. Ең дарынды оқушыларымызды өзге елдердің экономикасын дамытуға даярлап жатқандаймыз», – деді ол.

Осыған байланысты Асқар Жұмаділдаев ауылдан шыққан, қазақ тілінде білім алған жастардың елде қалып, Қазақстанның дамуына көбірек үлес қосатынын айтты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар