Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Тарихи жеңіс құтты болсын! Ерекше қуанышты күн”: Оқу-ағарту министрі бар қазақты қуантатын жаңалығын бөлісті

12:33, 15 шілде 2026

4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен халықаралық физика олимпиадасында Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет бес алтын медаль жеңіп алып, рекордтық нәтижеге қол жеткізді, деп жазады Alash.kz. Бүгін Алматы халықаралық әуежайында 56-шы Халықаралық физика олимпиадасының (IPhO-2026) жеңімпаздарын салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Оған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, оқушыларды тарихи жетістіктерімен құттықтады.

“Құрметті достар!

Бүгін Колумбияда өткен әлемдегі ең престижді білім додаларының бірі - Халықаралық физика олимпиадасында тарихи нәтиже көрсетіп, бес алтын медаль жеңіп алған оқушыларымызды елге зор құрметпен қарсы алдық. Бұл - білім беру саласы үшін ерекше қуанышты әрі тарихи күн.

Жас таланттарымыздың қажырлы еңбегі, табандылығы, ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен ата-аналардың қолдауы Қазақстанның білім беру жүйесінің әлеуетін айқын көрсетіп, ел тарихындағы айтулы жеңіске жол ашты.

Тарихи жеңіс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім саласында жүзеге асырылып жатқан іргелі реформалары және дарынды балаларды қолдауға арналған мемлекеттік саясатының нақты нәтижесі. Халықаралық деңгейдегі бұл жеңіс жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстың тиімділігін айқын дәлелдеп, Қазақстанның білім жүйесінің әлеуетін тағы бір мәрте нықтай түсті.

Еліміздің көк Туын әлемдік аренада асқақтатқан дарынды жастарымызды, олардың ұстаздары және ата-аналарды шын жүректен құттықтаймын! Тарихи жеңіс құтты болсын”,- деді Жұлдыз Сүлейменова өз құттықтауында.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар