Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы бері су айдындарында 69 бала көз жұмды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға арналмаған, ағысы қатты әрі иірімі бар қауіпті жерлерде болған.
Сонымен қатар, ІІМ ересектердің демалыс кезінде алкогольдік ішімдік тұтынуы салдарынан балалардың қаза болу фактілері де тіркелгенін мәлімдеді.
Жыл басынан бері тыйым салынған орындарда суға түскені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабы бойынша 2 700-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
ІІМ Профилактикалық қызметті үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов ата-аналарды жабдықталмаған жағажайларға бармауға және балаларды су маңында бір сәтке де қараусыз қалдырмауға шақырды.
Сондай-ақ ол аптап ыстықта салқын суға бірден түсу дене температурасының күрт өзгеруіне әкеліп, қан тамырларының түйілуі мен бұлшықеттердің тартылуын туындатуы мүмкін екенін ескертті.