Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының делегациясын қабылдады, деп хабарлайды Alash.kz.
Америкалық делегацияны бастап келген конгрессмен Джейсон Смит арнайы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді.
– Бүгін түнгі екіде маған Президент Дональд Трамп қоңырау шалды. Мен оған бірнеше сағаттан соң Сізбен кездесетінімді айттым. Ол Сізге ізгі тілегін жолдап, араларыңызда қалыптасқан сенімді әрі конструктивті қарым-қатынасқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Президент Сізді G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтетінін айтты. Біздің сапарымыздың бір мақсаты – Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу. Біз екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолында мазмұнды диалог өрбітуге бейілміз. Президентіміз бұған айрықша маңыз артып отыр, – деді Джейсон Смит.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Майамиге жоспарланған алдағы сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.