Шымкентте қала ортасында бұзақылық жасап, кісі өліміне себепкер болғандарға қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Осы жылдың қаңтар айында бір топ жігіт шаһар ортасында әдейі жол апатын ұйымдастырып, кейін үш азаматқа мұздай қаруланып, бетперде киген күйі тап берген. Шабуыл салдарынан бір жәбірленуші қашып үлгерсе, екіншісі ауыр пышақ жарақатымен ауруханаға түскен. Ал 40 жастағы Василий Колесниковті қылмыскерлер көлікке салып, қала сыртындағы Қайнар ауылына алып кеткен. Ертесіне оның адам танымастай соққыға жығылған денесі табылды. Сараптама қорытындысы марқұмның денесінде сынбаған бірде-бір сүйек қалмағанын көрсеткен.
Сот залына айыпталушы алты азамат та жеткізілді, ал осы іске қатысы бар тағы екі күдіктіге әлі де іздеу салынуда. Айыпталушылардың қорғаушылары сотта олардың жүзін БАҚ өкілдеріне көрсетпеуді өтінді. Жан түршігерлік қылмыс бойынша сотталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің «Аса қатыгездікпен адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адамды ұрлау» баптары бойынша айып тағылып отыр. Марқұмның әкесі айыпталушылардың ешқайсысына кешірім бермейтінін білдірді.
Мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Арыстанов: «Жәбірленуші Колесниковті қатты, доғал затпен, кескіш, өткір затпен басынан және денесінен, қол-аяғына бірнеше рет ұрып-соғып, аса қатыгездікпен, ұзақ уақыт бойы тән азабын келтірген. Осы келтірген дене жарақаттары өлімге әкелуі мүмкін екенін болжап және осындай өлімнің болуын тікелей қалап, қасақана қазаға ұшыратқан», — деп айыптау актісін оқыды.