Мәжілістің бұрынғы төрағасы Ерлан Қошанов желідегі парақшасында жазба жариялап, Құрылтай сайлауының ел тарихындағы маңызына тоқталды, деп хабарлайды Alash.kz.
«Құрметті достар!
Бүгін еліміз өзінің дамуы жолында тағы бір маңызды қадам жасады.
Ел тарихында тұңғыш рет Құрылтай сайлауы өтті.
Соңғы бір ай бойы баршамыз саяси партиялар арасындағы қызу әрі бәсекелі саяси күрестің куәсі болдық.
Партияаралық пікірталастардың мазмұны мен деңгейі еліміздегі саяси мәдениеттің кемелденіп, демократиялық дәстүрлердің орнығып келе жатқанын көрсетті.
Бұл ретте, ең бастысы осы саяси үдерістің астарында партиялардың елді ілгерілетуге, халықтың түрлі әлеуметтік топтарының мәселелерін шешуге, миллиондаған азаматтарымыздың мүддесін қорғауға деген ұмтылысы жатқанын түсінуіміз керек», – деді Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, сайлау науқаны қоғамдық санадағы өзгерістерді көрсетті.
«Сонымен қатар бұл науқан қоғамдық санадағы маңызды өзгерісті де көрсетті. Азаматтар партияларға ендігі жерде олардың жалынды ұрандары емес, бағдарламаларының мазмұнына, ұсыныстарының нақтылығына, қоғам сұраныстарына жауап бере алу қабілетіне қарай баға бере бастады.
Партиялардың бағдарламалары сайлау науқанының жай ғана қосалқы бөлігі емес, салыстыру мен сараптау нысанына айналды.
Халық партияның маңызды саяси институт ретіндегі рөлі мен орнын тереңірек түсініп, оны азаматтық қоғамның тірегі ретінде қабылдай бастады», – деп жазды ол.
Ерлан Қошанов Президенттің бастамасымен қолға алынған саяси реформаларға тоқталды.
«Жалпы, кейінгі жылдар – Қазақстан үшін ауқымды өзгерістер мен елеулі жетістіктер кезеңі болды. Саяси жүйе жаңғырды, мемлекеттік институттардың бәрі елеулі трансформациядан өтті, мемлекет пен қоғамның өзара іс-әрекетінің жаңа тетіктері пайда болуда. Ең бастысы, жаңа саяси жағдай қалыптасып келеді. Ал оның басты тұлғасы – адам болып отыр.
Айта кету керек, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев президенттік қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап адамды, оның құқықтары мен мүдделерін, әл-ауқатын мемлекет дамуының басты өзегіне айналдыру бағытын дәйекті түрде ұстанып келеді. Барлық маңызды шешімдері мен ауқымды реформалары да осы ұстанымға негізделді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының бастамасымен адамға деген осындай көзқарас жаңа Конституциямыздың іргелі қағидатының біріне айналды. Оны азаматтарымыз бүкілхалықтық референдумда жаппай қолдады», – деп жазды Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, азаматтардың ел өміріне қатысу белсенділігі артып келеді.
«Бұл осынау президенттік ұстанымның мызғымастығын көрсетеді. Ол қазірдің өзінде өз нәтижесін беруде. Азаматтарымыз сырттай бақылаушы болып қана қалмай, ел үшін маңызды шешімдерді қабылдауға белсене әрі жауапкершілікпен қатысатын мемлекеттің серіктесіне, Қазақстанның болашағын бірге айқындауға атсалысатын толыққанды азаматтық күшке айналды.
Қоғамдық санадағы мұндай өзгерістердің орнығуына соңғы жылдары өткен сайлау науқандары мен бүкілхалықтық референдумдар да айтарлықтай ықпал етті.
Олар енді ерекше оқиға емес, қоғамдық-саяси өмірдің табиғи құбылысына айналды.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан қазіргі заманғы демократиялық үрдістермен үндесе дамуда. Қоғамдық іске жұртшылықтың атсалысуының орнықты үлгісі – ел болашағына ортақ жауапкершілік сезімі ұйыстырған белсенді азаматтық қоғам қалыптасып келеді.
Жаһанда тұрақсыздық күшейген қазіргі кезеңде мұндай қоғамдық модельдің маңызы мен өзектілігі бұрынғыдан да арта түсуде.
Біз тағдыршешті шешімдер халықпен бірге қабылданған кезде олардың ерекше күшке ие болып, ел бірлігінің берік негізіне айналатынын, билікке деген сенімді нығайтатынын, ең бастысы – мемлекетті алға бастайтынын көріп отырмыз», – деді ол.
Құрылтай сайлауының тарихи мәніне тоқталған ол:
«Қоғамымыздың дүниетанымындағы осындай түбегейлі өзгерістің айқын көрінісі – кеше өткен Құрылтай сайлауы.
Біз азаматтардың өзгерістерге деген ұмтылысын және елдің алдағы даму жолын бірлесе айқындауға дайын екенін анық аңғардық. Бүгін біз Қазақстан тарихындағы келесі саяси кезеңнің басталғанына куә болып отырмыз. Оның қандай болмағы әрқайсымызға байланысты.
Бұл ретте реформаның мәні жаңа өкілді органның құрылуымен ғана шектелмейтінін түсіну маңызды. Мемлекеттік шешімдер қабылдау логикасының өзі түбегейлі өзгеріп келеді», – деді Ерлан Қошанов.
Ерлан Қошанов Құрылтай депутаттарына жүктелген міндетке тоқталды.
«Азаматтың үні мен заң арасындағы алшақтық қысқарып, Құрылтайдың ықпалы арта түспек.
Құрылтайдың бірінші сайланым депутаттарына айрықша миссия жүктеледі. Олар мандат қана емес, тарихи сенім мандатына ие болады.
Жаңа Конституциядағы әділеттілік, заңдылық, жауапкершілік және адамға құрмет сияқты басты құндылықтар мен қағидаттарды қабылданатын заңдар арқылы қоғам өміріне берік орнықтыру – дәл осы депутаттардың еншісіндегі міндет», – деді ол.
Сөз соңында Ерлан Қошанов сайлау қорытындысымен барша азаматтарды құттықтады.
«Сондықтан бүгін жеңімпаздарды құттықтап қана қоймай, осы күннің мәні мен маңызын терең сезінуіміз қажет.
Байтақ Отанымыздың барша азаматын сайлаудың сәтті өтуімен, ал Құрылтай құрамына енген саяси партияларды лайықты жеңісімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – бәріміз бірге жүріп өтетін үлкен жолдың басы деп білемін», – деп түйіндеді сөзін Ерлан Қошанов.