Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайту жөнінде берген тапсырмасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында мұғалімдердің жүктемесін азайту, педагогтердің құқықтарын қорғау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау және сапалы білім алуға тең мүмкіндік беру бағытында маңызды міндеттер жүктеді.
Біріншіден, мұғалімдердің артық жүктемесін азайтуымыз керек. Цифрлық жүйелер мен есептілік педагогтің уақытын алатын қосымша міндетке емес, жұмысын жеңілдететін құралға айналуы тиіс. Ұстаздың басты міндеті - балаға сапалы білім беру және саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Екіншіден, педагогтердің ар-намысы мен құқықтарын қорғау қажет. Мектептегі кез келген даулы жағдай заң талаптарына сәйкес, әділ әрі жан-жақты қаралуы тиіс. Бұл ретте оқушының, ата-ананың, мұғалімнің және мектеп әкімшілігінің жауапкершілігі ескеріліп, педагогтерге негізсіз қысым көрсетуге жол берілмеуі керек.
Үшіншіден, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасауды күшейтеміз. Мемлекет басшысы әлеуметтік нысандардың ауқымды құрылысы кезінде олардың қажеттіліктерін ескеріп, қолжетімді орта қалыптастыруды тапсырды. Сонымен қатар білікті мамандар даярлау, балалардың қажеттіліктерін ерте анықтау және уақтылы педагогикалық қолдау көрсету басымдықта болады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудағы басты өлшем - мұғалім мен балаға нақты пайда әкелу. Әрбір өзгеріс ұстаздың жұмысын жеңілдетіп, баланың білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталуы тиіс», – деп жазды Жұлдыз Сүлейменова.