Белгілі актриса, продюсер Дариға Бадықова өз өмірі, ішкі дүниесі мен өмірлік қағидалары туралы деректі фильм түсіруді жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі бұл бастамасы туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, таспаның басты идеясын түсіндіріп өтті. Актрисаның айтуынша, көрерменге экран арқылы таныс бейне мен оның шын өмірдегі болмысы мүлдем бөлек. Соған байланысты ол көпшілікке өзінің өмірлік ұстанымдарын, ішкі сырын және белгілі бір шешімдерге келу себептерін ашық көрсетуді жөн санаған.
«Экраннан көрінбейтін өмір бар. Менің өмірге деген көзқарасым көпшілікпен сәйкес келе бермеуі мүмкін. Кейбір ойларыңды ашық айтсаң, бәрі бірдей түсіне бермейді. Сондықтан кейде үндемеуді жөн көресің. Бірақ мені осы күнге дейін алып келген өз қағидаларым бар. Сол ұстанымдарым ешқашан қателікке жетелеген жоқ, керісінше, өз болмысымды жоғалтпай өмір сүруге көмектесті.
Сол себепті мен өз өмірім туралы документалды фильм түсіргім келеді…
Әдемі көріну үшін емес. Ақталу үшін емес. Экрандағы образдың артында қандай адам тұрғанын, қандай ойлармен өмір сүретінімді, неге дәл осындай шешімдер қабылдайтыным.
Фильмде көрсетіледі ешқандай рөл ойнамаймын. Тек өзім боламын», – деп жазды актриса.