Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру бағдарламасына енгізілетін өзгерістер туралы айтты, деп жазады Alash.kz.
– Құқықтық тұрғыдан алғанда, «ұлттық» мәртебесі, ең алдымен, қаржыландыру тетіктерімен байланысты. Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрлігі жүйесінде ұлттық музейлер, ұлттық театрлар, ұлттық өнер ұжымдары бар. Оларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау тетіктері қарастырылған. Жоғары білім саласында да ұлттық университет мәртебесі бар. Бұл – кез келген мемлекеттік жоғары оқу орнынан биік мәртебе. Ондай оқу орындары маман даярлаудағы тәжірибесімен, қалыптасқан дәстүрімен ерекшеленеді.
Ал орта білім беру жүйесінде «ұлттық мектеп» мәртебесін айқындайтын заңдық тетік болмаса да, ұлттық мектеп ұғымы қалыптасып келе жатыр. Оның негізін Ыбырай Алтынсарин бастаған қазақ ағартушылары қалады. Меніңше, ұлттық мектеп – ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетке сүйене отырып, мемлекеттік білім саясатын жүзеге асыратын білім беру моделі. Қазір осы мақсатта «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Енді министрлік нақты не істеп жатыр деген сауалға келсек. Біріншіден, қазір еліміздегі білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарадық. Бұл жұмыс мектепке дейінгі тәрбиеден басталады. «Күншуақ» бағдарламасын зерделедік. Біздің мақсатымыз – бала балабақша табалдырығын аттаған күннен бастап ұлттық рухани құндылықтармен сусындап өсуі маңызды. Ал мектеп тек сабақ өтетін орын емес, ұстаздың да, оқушының да мәдениеті қалыптасатын орта болуы қажет.Қайталап айтайын, ұлттық мектеп туралы сөз болғанда бір мәселені ескеруіміз керек. Қазақстанда 8 мыңға жуық мектеп бар. Сондықтан олардың бәріне «ұлттық мектеп» мәртебесін бере алмайтынымыз анық. Бұл – ең алдымен білім мазмұнына байланысты ұғым. Иә, Абай мектебінің статусы ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тарихи әділеттілік орнады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ғимаратынан айырылған мектептің бүгінгі тынысы қайта ашылып келеді. 1957 жылдан бері өзіндік тарихы, қалыптасқан дәстүрі бар, талай тұлға тәрбиелеген білім ордасын сақтап қалу – өте дұрыс шешім болды. Бұл – «Заң және Тәртіп» пен «Әділетті Қазақстан» қағидаттарының нақты көрінісі”,- деді Жұлдыз Сүлейменова «Ana tili» газетіне берген сұхбатында.