Көкшетаудағы көлік жуу орындарының бірінде болған қайғылы оқиға салдарынан 18 жастағы жұмысшы көз жұмып, тағы бір кәмелетке толмаған жасөспірім жарақат алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға металл конструкцияларды бөлшектеу жұмыстары кезінде болған. Жұмысшылар абайсызда жоғары кернеулі электр желісіне тиіп, электр тогының соққысына ұшыраған.
Оқиға салдарынан 18 жастағы жігіт оқиға орнында қаза тапты. Ал оның кәмелетке толмаған әріптесі түрлі жарақат алып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді.
Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен жасөспірім алғашқыда жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында болған.
«Пациенттің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ол бірнеше сағат бойы жансақтау бөлімінде бақылауда болды. Қазіргі уақытта қажетті емдеу шаралары толық көлемде жүргізілуде», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Тергеу барысында қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы тексерілетін болады.