Үндістанның білім министрі жаппай жастар наразылығынан кейін қызметінен кетті, деп жазды Alash.kz.
Үндістанның Білім министрі Дхармендра Прадхан бірнеше аптаға созылған жаппай жастар наразылығынан кейін қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол отставка туралы шешімін X әлеуметтік желісінде жариялап, жастардың үміті мен талаптарына құрметпен қарайтынын жеткізді.
«Еліміздің жастарының ұмтылыстары, сезімдері мен заңды үміттерін терең құрметтеймін. Үндістан жастарының армандарын жүзеге асыру – біздің саяси және қоғамдық өміріміздің моральдық міндеті», – деп жазды министр.
Дхармендра Прадхан 2014 жылдан бері билік басындағы премьер-министр Нарендра Моди үкіметінде қоғам қысымымен қызметінен кеткен алғашқы министр атанды.
Наразылық акцияларын ұйымдастырған сатиралық бейресми «Тарақандар халық партиясы» (Cockroach Janta Party) үкіметтің негізгі талаптарды қабылдағанын мәлімдеп, жақтастарын шерулерді тоқтатуға шақырды. Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, билік білім министрінің отставкасына келісіп, білім беру жүйесін реформалау, емтиханға қатысты заңбұзушылықтардан зардап шеккен отбасыларға өтемақы төлеу және наразылық білдірушілерге қатысты қылмыстық қудалау қолданбау жөніндегі талаптарды қабылдаған.