Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта ауыр айыптар жарияланды
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі басталды. Мемлекеттік айыптаушы сотта айыптау актісін оқып, тергеу нұсқасын жариялады.
Прокурордың мәліметінше, айыпталушы Шерхан Аймахан мен Нұрай Серікбай өткен жылдың шілде айында танысқан. Тергеу деректеріне сәйкес, жігіт қызға гүл жіберіп, хабарламалар жазып жүрген. Алайда олар ресми түрде жұп болмаған.
Айыптау тарапының мәліметінше, Нұрай кейін Алматыдағы жоғары оқу орнына оқуға түсіп, қалаға көшкен. Сол кезде айыпталушы оған үйлену туралы ұсыныс жасағанымен, бойжеткен оқуын жалғастырғысы келетінін айтып, бас тартқан.
Тергеу нұсқасына сәйкес, өткен жылдың қазан айында айыпталушы Нұрайды Алматыдан Шымкентке еркінен тыс алып кеткен. Кейін қыздың туыстары оны тауып, полицияға жүгінген. Осы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін оның тоқтатылғаны айтылды.
Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, осыдан кейін де айыпталушы қызды мазалауын тоқтатпаған. Тергеу барысында оның жәбірленушіге жүздеген рет, оның ішінде түнгі уақытта да қоңырау шалғаны анықталған. Нұрай бірнеше рет телефон нөмірін ауыстырғанымен, оның соңынан қалмағаны айтылды.
Айыптау актісінде көрсетілгендей, биылғы 11 қаңтарда айыпталушы Нұрайды ата-анасының үйінің маңында күтіп тұрған. Тергеу мәліметінше, қыз дүкенге шыққан сәтте оған жақындап, бірге серуендеуді ұсынған. Бас тартқаннан кейін оған пышақ ала жүгірген.
Прокурордың мәлімдеуінше, жәбірленушінің денесіне жалпы саны 35 жарақат салынған. Сараптама қорытындысына сәйкес, жарақаттар бет, мойын, кеуде және іш тұсына тиген, соның салдарынан өкпе мен жүрек зақымданып, Нұрай Серікбай оқиға орнында көз жұмған.
Сот отырысында судьяның кінәсін мойындай ма деген сұрағына Шерхан Аймахан өзіне тағылған айыптардың мәнін түсінбейтінін айтып, кінәсін мойындамаған.
Қылмыстық іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр. Қазақстан заңнамасына сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін айыпталушы кінәсіз деп есептеледі.