Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"...Санжар Керімбайды соттап жіберуге әбден болады". Санжар Керімбайдың қиссалары төңірегіндегі пікірталасқа Абзал Құспан үн қосты

13:32, 25 шілде 2026

Әлеуметтік желіде жазушы Санжар Керімбайдың қисса-дастандарға қатысты еңбектері қызу талқыланып жатыр. Бір тарап оны діни-әдеби мұраны қазіргі оқырманға таныстырып жүрген автор ретінде қолдаса, енді бір тарап қиссалардағы діни аңыздар мен көркем қиялдың тарихи шындық ретінде қабылдану қаупіне алаңдаушылық білдіруде. Осы мәселеге байланысты заңгер Абзал Құспан да өз пікірін жариялады, деп жазады  Alash.kz.

Бұл жайлы Democrat.kz порталы жазды. Абзал Құспан әлеуметтік желідегі жазбасында Санжар Керімбайдың өзі қиссалардың авторы емес екенін, оның еңбегі ғасырлар бойы қалыптасқан әдеби мұраны насихаттау мен қайта ұсынуға бағытталғанын атап өтті.

Заңгердің пікірінше, қоғамдағы кейбір адамдар қиссалардың барлығын Санжар Керімбайдың төл шығармасы деп қабылдап жүргендей әсер қалдырады. Ол бұл ретте Рабғузи, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Шәді Төреұлы секілді көптеген классик авторлардың, сондай-ақ діни қиссаларды халық арасында кеңінен таратқан ақын-жыраулардың еңбегін еске салды.

Сондай-ақ Абзал Құспан сатиралық сарында жазылған пікірінде Санжар Керімбайды соттауды талап ететіндер табылса, кейін қазақтың тұтас әдеби мұрасын да «соттауға» тура келетінін меңзеді. Ол мұндай ұстанымның қисынсыз екенін айтып, қиссаның әдеби жанр ретіндегі орнын еске түсірді.

Әрідегі Науаи, Сағди Фирдоусилерді былай қойғанда, XIV ғасырдағы Рабғузиден бастап, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Шәді Төреұлы сияқты қиссаның жүздеген авторлары ұмытылды. Өткен ғасырдың 70–80-жылдарына дейін діни қиссаларды халыққа жеткізіп, жырлап келген Марабай жырау, Нұрпейіс Байғанин, Мұрын жырау сияқты мыңдаған қиссашы ақын-жыраулар ұмытылды. Жылдар емес, ғасырлар бойы қалыптасқан тұтас әдеби дәстүр ұмытылып, қазіргі қазақ қоғамының тарих сахнасында Санжар Керімбай бір өзі қалды! Енді Сәкеңе, орекеңдер айтпақшы «для полного счастья» жетпей тұрғаны - сотталу! Негізі ол аса қиын емес, желіде салғыласып отырғанша деп біреу-міреуің, мүмкін бірнешеуің, Санжарды «осының бәрін өзі ойлап тапқан, өзі жазған, өзі таратқан, діни уағыз жүргізген» деп арызды беріп кеп жіберсеңдер, Қылмыстық кодекстің мысалы 174-бабымен 7 жылға соттап жіберуге әбден болады.

Заңгердің жазбасы да әлеуметтік желіде түрлі пікір туғызды. Қолдаушылар Санжар Керімбайдың кітаптары жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, ұлттық әдеби мұрамен танысуына ықпал етіп жатқанын айтты.

Ал қарсы пікір білдірушілер мектеп жасындағы балаларға арналған әдебиеттерде діни тақырыптардың көбірек қамтылуына алаңдаушылық білдірді. Олардың пікірінше, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын араб мәдениетімен байланыстыра түсіндіру тарихи тұрғыдан даулы мәселе болып қала береді.

Осылайша, Санжар Керімбайдың еңбектері төңірегіндегі пікірталас әлеуметтік желілерде жалғасып, қоғамда әдеби мұраның мазмұны, оның қазіргі оқырманға ұсынылу тәсілі және ұлттық тарих пен дәстүрді түсіндіру мәселелері бойынша әртүрлі көзқарастардың бар екенін көрсетті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар