Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Неге «Болашақ» өздерінен кеткен олқылықты мойындағысы келмейді". "Болашақтың" дауы тереңдеп бара жатыр

18:05, 04 маусым 2024 522

Астана сотында «Болашақ» орталығы төңірегінде туған дауға қатысты азаматтық іс апелляциялық сатыда қаралып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Іс бойынша талап арыз беруші – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ. Жауапкерлер – Наталья Воробьева және Мақпал Дәрібаева.

4 маусымда өткен сот отырысында «Болашақ» орталығы өкілдері туындаған дауды медиация түрінде реттеу бойынша өтінішхат берді. Сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруды сұрады деп жазды Halyq Uni.

Медиацияға негізгі борышкер Валерия Гавриленко тартылуы үшін өтінішхат жолдадық. Қазір орталық («Болашақ» - ред.) Валерия Гавриленкоға қатысты шара қабылдап жатыр. Нақты айтқанда, орталық бастамасымен қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арыз. (Медиацияға – ред.) мүмкін болса екі апта уақыт беруді сұраймыз, - деді «Болашақ» өкілі Алтынай Кенжесарина.

Жауапкер тарапы медиацияға тек «Болашақ» қарыз көлемін айтарлықтай төмендетсе ғана келісетінін жеткізді.

Қарыз сомасы – 28,5 млн теңге. Одан кепілге қойылған мүліктің құнын азайту керек – 25,7 млн теңге. Қалған сомадан Гавриленко құйған 1,3 млн теңгені азайту қажет. Соңында 1,5 млн теңге қалады. Наталья Воробьева және Мақпал Дәрібаева бұл соманы төлей алады, осындай жағдайда ғана медиацияға келісе алады, - деді адвокат Айжан Ташенова.

Азаматтық істі қараған сот алқасы «Болашақ» орталығы өкілдерінің өтінішхатын қанағаттандырды.

Дауды медиация тәртібімен реттеу үшін сот отырысы кейінге қалдырылсын, - деді сот алқасының төрағасы.

«МИНИСТР АЙТҚАН КЕЛІСІМДІ КӨРМЕДІК»

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді.

Осыдан 2-3 күн бұрын Валерия Гавриленко кінәсін толыққанды мойындап, екіжақты келісімшартқа қол қойылды. Сол келісімшарт аясында ол бүкіл ақшаны қайтаруға жауапкершілік алды. Ал, жауапты тұлғаларға келетін болсақ... Тиісті заңнама аясында Бас прокуратура мәселені бастап кетті, - деді Саясат Нұрбек.

Министр мәселе заң аясында шешілетінін, грант иелеріне талап қойылмайтынын айтты.

Алайда азаматтық іс бойынша жауапкерлер бұл келісімнің жасалғанына күмәнмен қарайтынын жеткізді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Гавриленкомен келісім жасадық» деген мәлімдемесін дәлелдейтіндей, ол келісімді көре алмадық. Келісімшарт бар ма, жоқ па, күмән бар. Болжамымыз бойынша, бұл келісімшарт жоқ. Бізге медиацияға уақыт берді. Біздің тек қана бір талабымыз бар. Заңсыз кепілден шығарылған екі үйдің бағасын есептедік. Ол 26 млн теңгеге жуық қаражат. Гавриленконың 1,3 млн теңге төлеген қаражаты бар. Содан қалған 1,5 млн теңге бар. Бұл қаражатты Наталья Воробьева екеуміз бөліп төлеуге келісеміз. Сол кезде әділетті болады. «Болашақтың» заңсыз берген екі үйіне біз жауап беруге міндетті емеспіз. Неге «Болашақ» өздерінен кеткен олқылықты мойындағысы келмейді. Неге әлі күнге дейін екі пәтерді қайтаруға әрекет етпей отыр? Болжамымыз бойынша, жемқорлыққа жол берген бір де бір шенеунік қылмыстық, дисциплинарлық жауапкершілікке тартылған жоқ. Бұл — әділетсіз, - дейді Мақпал Дәрібаева.

Айтуынша, кепілге қойылып шығарылған екі пәтердің бірінде Гавриленконың анасы тұрып жатыр.

«Адвокаттық сұрау салдық. Болжамымыз бойынша Петропавлдағы пәтерінде қазір анасы тұрады. (...) «Болашақ» Гавриленконың өзі міндеттемесін орындамағанына қарамастан өзі кепілдіктен заңсыз шығарып беріп отыр. Елден қашып, Ұлыбританияға кетуіне барлық жағдайды жасаған. (...) Саясат Нұрбек «келісімшарт бар», «гаранттарға уайымдаудың қажеті жоқ» деді. Бірақ ол келісімшарт қайда? Неге бізге көрсетпейді? Ол келісімшарт бар ма? Жоқ па?», - дейді Дәрібаева.

Ол кезде «Болашақ» орталығы директоры қызметін Жанболат Мелдешов атқарған.

«Тиісті органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп, сол кезде жұмыс істеген лауазымды тұлғалар жауапқа тартылсын», - дейді Мақпал Дәрібаева.

Айта кетейік, бұған дейін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ осы жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, шетелде заңсыз жүрген стипендиаттарға қатысты ауқымды тексеріс жүріп жатқанын хабарлады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар