Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Нан сатқандай...»: Депутат SIM-карта сатуға шектеу қоюды ұсынды

15:46, 04 наурыз 2024 423

Бүгін депутат Жарқынбек Амантай бір адамға сатылатын SIM-карталардың санына шектеу қоюды ұсынды. Халық қалаулысы бұл ұсынысын Мәжілісте өткен комитет отырысында айтты.

«Жуырда Павлодар облыстық полиция департаментінің өкілдерімен кездестім. Сол кезде олар SIM-карталарды беруді шектеу қойсаңыздар деген ұсыныс айтты. Біздің қоғамда кез келген дүкеннен сатып ала салуға болады. Бір кісіге көп SIM-карта сатыла береді. Ал кейбір елдердің тәжірибесіне қарасақ, тек қана байланыс операторының филиалынан ғана сатып алуға рұқсат бар. Жекелеген дүкендер мұны нан сатқандай таратып сата бермейді. Осыған шектеу қойсаңыздар. Мамандар бір кісіге кем дегенде екі немесе үш SIM-картадан артық берілмесе, жақсы болар еді. Осы мәселені қарастыруға бола ма?», - деп сұрады депутат.

ЦДИАӨМ ресми өкілі Руслан Әбдіқалықовтың айтуынша, оның телекоммуникация комитетіндегі әріптестері осы мәселені көтеріп, байланыс операторларымен талқылаған.

«Байланыс операторлары бұл идеяны қолдамады. Бірақ өз тарапымыздан бір адамға 5 SIM-карта жеткілікті болар еді деп айтқанбыз. Негізінен қазір біз басқа модель ұсындық. Яғни биометрия жүйелерін осы SIM-карталарды іске қосу үшін пайдалануға болады. Мәселен, бір ЖШС 1000 SIM-карта сатып алды дейік. Бірақ бұл SIM-карталар адамдар биометриялық идентификациядан өткеннен кейін ғана іске қосылатын болады, сонда SIM-карта да жұмыс істейді. Себебі сонда ғана бұл SIM-карта кімнің атында екені көрінеді. Біздің ойымызша, бұл әлдеқайда дұрыс болар еді. Яғни ешқандай шектеу болмайды. Бұл әзірге тек ұсыныс», - деді ол.

Бұл ретте, депутат үнсіз қалмады.

«Біз операторлардан неге ақыл сұрауымыз керек? Халықтың миллиардтап зардап шегіп отырғанын көріп отырмыз ғой. Біз операторларға неге ұсыныс айтуымыз керек? Біз шешім қабылдауымыз керек. Әрине, оларға SIM-карталардың көптеп сатылғаны тиімді, олар қарсы болады. Face ID-ден өту керек деп отырсыз. Жасанды интеллект көмегімен адамның түр-келбетінен бөлек, дауысын көрсете салу білікті немесе орта білімді IT-мамандарына түкке тұрмайды. Оны да айналып өтіп кетеді. Сондықтан байланыс операторларынан ақыл сұрамай, біз өз шешімімізді қабылдауымыз керек»,- деді Жарқынбек Амантай.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар