Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мұхтар Мағауин: Алаш азаматтарынан түгел айырылдық...

21:54, 02 сәуір 2024 376

Әуелі патшалық Ресейдің, содан соң советтік Ресейдің отарына айналған кезді байыптасақ, бейбіт замандардың өзінде бар тауқымет еңсе көтерген игі жақсылардың басына түсіп отырғанын көреміз. Қудаланады, түрмеге жабылады, айдалады, көзі құртылады. Әсіресе, советтік ХХ ғасырда. Алаш азаматтарынан түгел айырылдық. Бәрі дерлік тұқым-жұрағатсыз кетті.

Жоғарыдағы, оқыған, көрінген, атақтылар ғана емес. Ауыл мұғалімінен еті тірі қарапайым шаруаға дейінгі аралықтағы, өз бетімен ойлап, өз ырқымен жүре алатын, қорлық, зорлық, қыспақ атаулыны жан-тәнімен сезінетін, иманды, мінезді, өз басы әзірше, өскен орта, әр қилы жағдай нәтижесінде шектеулі өрісте ғана қалған, бірақ болашақта дені түзу, жақсы тұқым бере алатын, ел көлемінде бере алмаса да, аудан, ауыл көлемінде кісілігін сақтайтын келешек намысты қазақтардың ата, әкелері орта жолдан немесе көктей қиылды.

Бұлармен қатар жасаған, көнбіс, момын, кейіннен, басқа бір көбіне-көп ортақол шаңырақтарда дүниеге келген можантопай қауым ғаламат ашаршылықққа ұшырады. Қырғын соғысты бастан өткерді, тың көтеру, жаныштау топанының астында қалды ақыр түбінде ұлт мүддесі тұрыпты, адамдық намыстың өзі тәрк етіліп, күнкөріс, қарын тоқтығын қамдау бірінші орынға шықты. Сонымен қатар бұл кезде кімнің наны жүрді десек... даңғой белсенді, рахымсыз қызыл жаға, адамшылық, ізгілік атаулыдан кенде жалақор мен жандайшап, қатардағы кеңсе қызметкерінен қалылық, облыстық деңгейге дейінгі аралықтағы, заманның ыңғайын тапқанмансапқор басшылар мен көнбіс жалшылар! Солардың ұрпағы тоқтаусыз өсіп-өнді, оқып-жетті, барлық жерде берік орнықты.

Сөйтіп, ұлттың тұрақты генофондындағы тексіздер мен жетесіздердің үлес салмағы өлшеусіз көбейді, керек десеңіз, басым көпшілікке айналды. Жалпы жұрт ішіндегі көпшілік, қатарынан озғандары - бағыттаушы, бағдарлаушы күш. Жаңа социалистік, болашақ коммунистік құрылымның ұстын тірегі ретінде өкімет пен партия тарапынан айрықша қолдау, қамқорлықта.

Жай ғана билік иесі ғана емес, барлық жұрт үшін үлгі. Енді не қалды? Мемлекеттік, советтік мораль - жат, отбасы, үй ішіндік мораль күйкі болғаннан соң, ел қамын жейді деген бас көтерер тұлғалары түгел, жалтақ, жәреуке, айналма болған соң, онсыз да қалжыраған жұрт қайда барып оңсын. Сөйтіп бүгінгі іштей өзімізге өзіміз мәз, сырттай жат жұртқа қадірсіз, қай тұрғыдан алғанда да қауқарсыз, бейшара кепке жеттік.

Бүгінгі ел қамын ойлайтын бірлі-жарым алаш азаматтарын аяққа шалған, төбеден ұрған, қайткенде де өздерінің күйкі ой, теріс пиғылдарын күнделікті баспасөздерден - жоғарғы биікке дейінгі аралықта тоқтаусыз өткізіп отырған ұлтсыздықтың қуат-күші, ең алдымен, осындай жетесіздікте жатыр.

жазушы Мұхтар Мағауин «Ұлтсыздану ұраны» еңбегінен үзінді

Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар

Абай мен Әлихан кездесті ме?

16:47, 13 желтоқсан 2024 167