Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Балаларды анестезиямен емдеу…”: Денсаулық сақтау министрі Қазақстан халқына шұғыл үндеу жасады

20:30, 08 желтоқсан 2025

Бас прокуратураның талабы бойынша еліміздегі 622 тіс емханасына қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

“Соңғы уақытта, әсіресе жекеменшік стоматологиялық клиникаларда балаларға жалпы наркозбен бірнеше тісті бір мезетте емдеуге қатысты арыздар жиілеп жатыр. Денсаулық сақтау министрі ретінде біздің ұстанымымызды егжей-тегжейлі түсіндіру маңызды деп санаймын.

Балаларды жалпы анестезиямен емдеу – қатаң медициналық көрсетілімдер бойынша ғана жүргізілуі тиіс күрделі медициналық емшара.

Клиника жекеменшік болсын немесе мемлекеттік болсын мұндай манипуляциялар үшін білікті анестезиологтың қатысуы, тиісті жабдықтардың болуы, анестезиологиялық және реаниматологиялық көмек стандарттарын сақтау талап етіледі.

Бас прокуратураның талабы бойынша, ел бойынша стоматологиялық ұйымдарға – барлығы 622 нысанға қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізілді”,- деді Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, 290 тексеру тіркелді, 135 аяқталды, 103 – жұмыс барысында, 52 – тіркеуден алынған (клиникалар іс жүзінде жұмыс істемейді), 26 – тіркеу сатысында. Өңірлердің прокуратурасы жіберген 316 нысанның ішінде: 34 клиника МӘМС/ТМККК шеңберінде қызмет көрсетеді, 282 – тек ақылы негізде жұмыс істейді.

“Айта кеткім келеді: Жалпы анестезия – бұл «ыңғайлы опция» емес, ерекше сақтықты талап ететін күрделі араласу.   Ұзақ наркоз және ауқымды бірмезгілде емдеу баланың жүрек-қантамыр, тыныс алу және жүйке жүйесі тарапынан асқыну қаупін арттыруы мүмкін.

Өкінішке қарай, жекелеген клиникалар ата-аналарға коммерциялық тұрғыдан қолайлы нұсқаны ұсынады – «барлық тісті бір ретте емдеп береміз». Алайда мұндай тәсіл тек нақты медициналық көрсеткіштер болған жағдайда, тексерумен расталған кезде ғана орынды.

Ата-аналарды ерекше мұқият болуға шақырамын. Осындай процедураларға келісім бермес бұрын, тәуекелдер, көрсеткіштер және жүргізу шарттары туралы толық әрі ашық ақпаратпен танысу қажет.

Баланың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұруы тиіс – және Денсаулық сақтау министрлігі осы қағидатты қатаң түрде ұстанатын болады”,- деді министр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар