Түркістан облысында той үстінде ән айтып тұрған келінін соққыға жыққан экс-қайын атасы жауапқа тартылды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Прокурор айыпталушыға бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал жәбірленуші моральдық зиян үшін 10 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуді талап етті.
Сот айыпталушының бұрын істі болмағанын және істеген іс-әрекетіне өкініш білдіргенін ескере отырып, бас бостандығынан айыруды жазаның жеңіл түріне ауыстырды.
Сот үкімі бойынша айыпталушы:
– 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды (қамауға алынбайды, бірақ пробациялық бақылауда болады);
– 800 мың теңге моральдық зиянды өтеу;
– сот шығындары үшін 700 мың теңге төлеуге міндеттелді.
Естеріңізге сала кетейік, 31 тамызда Түркістан облысы Төле би ауданындағы "Зағамбар" мейрамханасында тойда ән айтып тұрған 27 жастағы Азода Тұрсынмұрадоваға экс-күйеуінің әкесі кенет шабуыл жасап, бірнеше рет ұрған.
Жәбірленушінің қорғаушысы Халола Исаева бастапқыда қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 109-бабы ("Ұрып-соғу") бойынша қозғалған, бірақ кейін ол 293-баптың 1-бөлігіне ("Бұзақылық") ауыстырылған.
"Моральдық және материалдық шығын мәселесін ол өзі шешеді. Кешірім сұраудың орнына, ол тарап Азодаға дөрекілік танытып, қоқан-лоқы жасай бастады. "Ештеңе істей алмайсың" деді. Қазір тергеу шаралары жүріп жатыр", – деді адвокат.