Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мұқағалиды Жазушылар одағынан шығарған - Олжас Cүлейменов

10:24, 06 маусым 2022 236
Кеше теперішті көп көрген Мұқағали бүгінде ең әйгілі ақын. Ізінен аңыз ерген қаламгер. Мақатаев туралы ел арасында жалған-шыны аралас әңгіме көп. Соның бірі – ақынның Жазушылар одағынан шығарылуы жайында. 




Мұқаңның көзін көргені бар, көрмегені бар оны одақтан шығарған адам сол кездегі басшы Әнуар Әлімжанов дейді.  Мақатаевтың 1973 жылы Әлімжановқа жазған хаты да бар. Әнуарға арналған хатында Мұқағали  биылғы жыл өзіне оншама қуаныш әкеле қоймағанын, «Жұлдыз» журналынан босап қалғанын айта келе, «дәл жаңа жыл келгенде балаларымның қорегінен ажырататындай ешкімге еш нәрсе істей қойған жоқ едім ғой», деп  мұң шаққан.  Сөз соңында ақын Әлімжановқа «Сен менің болмысымды танитын едің ғой. Түсінбеймін, қандай ғана өсекшінің тіліне ердің?» деп өкпе-ренішін білдіреді. Ақын өзінің бар айыбы – жек көретін, құлқы сүймейтін адамға жек көретінін, оған деген ашу-ызасын сол адамның алдында оп-оңай білдіріп алатынын бүкпесіз айтқан.  

Иә, Мұқағалидың замандастары  осы шулы оқиға жайында әр түрлі пікір айтты. Бәрі де шайырға қысастық жасаған деп  Әнуар Әлімжановты көрсетеді.  Ақынның қасында жүріп, көзін көрген, мінезіне қанық қаламгердің бірі – Сайын Мұратбеков.  Жазушы ертеректе "Қазақстан" Ұлттық арнасынан берілген «Үзеңгі жолдас» хабарында Мұқаңның жан әлемі, кіммен ара-қатынысы қалай болғанын сөз еткен. Қаламгер Жұмабай Шаштайұлына берген сұхбатында Мұқағали айтқан, құлқы сүймейтін жандарды Сайын да санамалап айтып береді. 

«Мұқаңның кейде ызамен Жазушылар одағына келіп, кейде ақсақалдарды жұлқып, итеріп кетіп жүрген кездерін көрдім. Мысалы студент кезінде бір түсінбестік болды ма, Темірғали Нұртазинді менің көзімше желкесінен сүйрегені бар. «Қой, қой» деп мен де ара түстім. Мені де итеріп жіберді «жолама», «атаңа нәлет аулақ жүр» деп. Ондай мінездері болды.  Бір күні Әнуарды келе жатқан жерінде,  (Әлімжанов ред.О.Қ) Жазушылар одағының басшысы еді ғой. Дәлізден көтеріле бергенде тоқтатып қойып, жағасынан ұстап, «бір сілкіп өлтіре салайын ба?», деп айтқан. Ол «өй, сен немене...» деп ақыры кабинетіне кіріп есігін жауып алды. Сөйтіп тұрғанда Жұбан келді, 10-15 минуттан кейін. Мені кішісінді ме Мұқағали бір-екі боқтады да тұрды. Сол Жұбанға «атаңа нәлеттер сыйлықты өздерің ғана аласыңдар, інілеріңе ғана әпересіңдер» деп тиісті. Жұбан сол кезде үйінде отырып Жазушылар одағына ызалы боп жүрген  кезі. Екінші басшы болып жүріп «Жұлдыздан» босады. Мұқағалидың бой ұзын, «қазір мен сені тура осы жерде...» деп ұмтылды. Жұбан ары қарай кетіп, Тұрсынқұловтың кабинеті жағына жылыстады. Содан кейін Әнуарға келіп, «әй қашанғы өстіп, әкеміздің аузынан боқтатып, өзімізді итше тепкілетіп қоясыңдар, әдейі істеп жүрсіңдер ғой сендер, бізді осында келтірмеу үшін» деп Әнуарға түтігіп тұрып сөйледі. Шығар ананы мүшеліктен. Неге тәптіпке шақырмайсың. Ондай адам мүше болудан садаға кетсін», деді», деп куә болған оқиғасын жайып салады. 

 Оқиға ары қарай қалай өрбігенін, Мұқағалиды Жазушылар одағынан нақты кім шығарғаны жөнінде  Мұратбеков былай дейді. 

«Сөйтіп тұрғанда Олжас (Сүлейменов ред. О.Қ) келген. Ол да келе сала түтігіп, «мен оны бір жұдырықпен...» деп әрең тоқтайды.  Олжасқа бірінші қабатта жүріп тиіскен болуы керек. Олжас ол кезде үшінші хатшы еді. Қуып шығу  керек. Егер қорықсаң, мен қол қоямын. Сонымен Олжас кетсін деп қол қойып жіберді. Ең болмағанда жарты жыл Одақтың маңына жоламасын. Ол өзін қалай ұстау керектігін білмейді. 

Астыңғы қабатта баспа бар еді. «Оны одақтан шығарыңдар» деп машинистканы шақырып алды. «Ертең секретариат сол кезде мен соған салғызамын, өзім қол қоямын», деді  Олжас.  Әнуар Әлімжанов қол қойған жоқ». 

Демек, Мұқағалиды Одақтан қуған – Олжас Сүлейменов.  Ақынның мүшеліктен шығуына Әнуар Әлімжановтың тікелей қатысы жоқ. Арада көп уақыт өтпей, одақтың кәсіподақ комитеті жалпы жиналыс өткізіп,  Мұқағали Мақатаевтың «тәртібі»қаралады.  Жиналысты Олжас Сүлейменов ашып, Мұқағалиға шүйлігіп, «Мақатаевты кәсіподақтан, Жазушылар одағы мүшелігінен шығару керек» деп ұсыныс жасаған. Ақынды Оразбек Сәрсенбаев пен Бексұлтан Нұржекеев қана қолдап сөйлеген екен. Сайын Мұратбековтің сөзінше,  Олжастың шешімінен кейін Мұқағали «атасына нәлет, мен шығарса да қазақтың үлкен ақынымын» деп илікпей жүріпті. 

Мұратбеков сұхбатында болған кикілжіңнен кейінгі өзінің Мұқаңмен арадағы байланысына тоқталады.

«Менің ЦК-ға ауысып кеткен кезім. Қайтыс боларының адында маған қоңырау шалды. Алдында бір келіп айтқан «мен Димекеңе хат жазғалы жүрмін. Соным дұрыс бола ма?» деді. Мен дұрыс болады дедім. Осылай бастасам қалай деп айтты. Машинкаға бастырайын ба дегенде жақсы ескерткіш болып қалсын, өз қолыңмен жаз дедім. Екі - үш күннен кейін кездесіп айтты. Мен Димекеңе хат жазып жібердім. «Өмір-дастан» кітабымды, таңдамалымды шағаруды сұрадым деп».

Мақатаев 1974 жылы Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің біңрінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа хат жазған. Хатында ақын жағдайының жақсы емес екенін жеткізіп, әріптестерінің салқын қарым-қатынасын, орын алған қысастықтарды тізіп жазады. Әрине, өзінің жіберген ағаттықтарын да бүгіп қалмаған. Шынында да ақынның «Өмір-дастан» кітабы шыққалы тұрған жерінен, әлдебіреулердің ықпалымен тираж берілмей бөгеліп қалады.

 

«Сол кітап шығайын деп жатқанда мен ЦК-да отырғанмын. Звонить етті. Мен ауруханада жатырмын. Өмірдастан шыққалы жатыр, бірақ тираж бермей отыр. Баспадағыларды білесің ғой өзің.  Қасенов бермей отыр деді.

Жарайды мен оған қоңырау шалайын дедім де. Есенәлиев тапсырып еді деп айттым. Ойбай, оны әнеукүні ғана бәрімізді сабайды деп үлкен жазушылар тираж сұрап келгенде мынаған тираж беруші болма деп кетті ғой. Сіз соларды тыңдайсыз ба? Есенәлиев мәдениет бөлімінен хабарласып отыр. Сосын ол жарайды деп «Өмір-дастан» тиражбен шықты.  Алғашқы данасын алып, өзім барып, хал-жағдайын сұраймын  деп ойлағанмын. Қоңырау шалғаннан кейінгі 3-4 күннен кейін Мұқағалидың қайтыс болғанын естідік», дейді Сайын Мұратбеков.   

Мұқағали өмірден озған соң Олжас Сүлейменов ақын жайында пікір білдіріп жүрді. «Мұқағали – жырдың шын жүйрігі» деп мақала жазғанын да білеміз. Онда Сүлейменов: «Ақынның даңқы замандардан озып,  жырлары жүзжылдықтармен бірге жасайтынын уақыт дәлелдеп келеді. Оның поэзиясы төрткүл дүниедегі өлең атаулының ең үздік үлгілерімен терезесі тең тұрған, кей-кейде олардың өзінен оқ бойы озып шығатын жырдың шын жүйрігі ғой!», деп көкке көтереді. 

Ал Сүлейменов Мұқағалиды  Жазушылар одағының қатарынан шығару жайлы әңгіменің еш негізі жоқ деп санайды. 
«Біз ең жақын достар болмағанымызбен, ақын ретінде, азамат ретінде бір-бірімізге барынша құрметпен қарадық. Арамызды алшақтатар тұстар болған емес. Екеуіміз екі тілде жазғанымызбен, жырлағанымыз қазақтың жыры, жасағанымыз қазақтың әдебиеті ғой. Ауызымен орақ орғандардың алыпқашпа жел сөзінде шындыққа жанасар, көңіл аударуға тұрарлық түк болмаған соң, сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанға қадам басқанда ақталып жатуды өзім үшін ар көремін. Бір ауыз сөзбен сүйіндіруге де, күйіндіруге болады. Алдында айтқанымдай, қасиет те, қасірет те – сөзден», деп бұл әңгімеге тоқтау жасағысы келгендей.  

Қалай десек те, Мұқағалидың өміріндегі даулы тақырып осылай көрініс тапқан. Ақынның өзі жазған, «Сынауға құмар бүгін кім көрінген,

Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен.

Бірақ та, біліп қой, ей кім көрінген,

Айтсын деп ақиқатты тіл берілген» деген жырына сүйенеміз. Келер ұрпақ ақын жайлы ақиқатты біле жүргені дұрыс. Себебі, әр аңыздың ар жағында ақиқат бар.  

Материалды қолданған жағдайда, бастапқы 1 немесе 2-сөйлемде malim.kz сайтына гиперсілтеме беруіңізді сұраймыз. Авторлық құқықты құрметтегеніңізге алғыс айтамыз.

https://malim.kz/article/culture/muqagalidy-zazusylar-odagynan-sygargan-olzas-18179?fbclid=IwAR1YrTMJapgJ4ppus2nEZ98tfQHaWGS29qUd4HSYUVXntM1gnipDwOJFt9k
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар