Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Мені ұрып-соғатын, үйден шығуға қорқамын»: Павлодарлық әйел күйеуінен көрген қорлығы туралы айтты

12:54, 02 ақпан 2025 494
Павлодар облысының тұрғыны Анастасия Тұрсынханова өзінің және баласының қауіпсіздігіне алаңдап, көпшілікке видеоүндеу жолдады. Ол күйеуінің ұзақ уақыт бойы өзіне күш көрсеткенін, қаржылық қысым жасағанын және қауіп төндіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
 
Анастасия Тұрсынханованың айтуынша, ол бірнеше рет күйеуінің қорлығынан қашуға тырысқан, алайда қорқытулардың кесірінен қайта оралуға мәжбүр болған.

«Мен 31 қаңтарда полицияға арыз жаздым. Ол мені ұрып-соғып, ақшамды тартып алатын. Бірақ іс тиісті деңгейде қаралмай жатыр. Оның әрекеті үшін қатаң жаза қолданылмай, жеңіл бап бойынша сотқа жіберілді. Мен ешкімнен көмек күте алмаймын. Баламды алу үшін ажырасудан бас тартуға тура келді»,  – дейді әйел.

Оның айтуынша, бұған дейін полицияға жүгінгенімен, тиісті көмек ала алмаған.

«Жарты жыл бұрын полицияға арыз бергенде, кетсем, баламды арнайы органдар тартып алуы мүмкін екенін айтты. Мен өмір бойы тығылып жүргім келмейді», — деп ашынды Анастасия.

Әйелдің айтуынша, күйеуі жұмыссыз, табыс таппайды, ал отбасын асырау оның мойнында болған.

«Ол апталап жоғалып кетеді, ақша әкелмейді. Мен жұмыс істеп, табыс таптым, бірақ ол тапқанымды түгел тартып алатын. Тіпті балама киім мен дәрі алу үшін несие алуға мәжбүр болдым. Қазір үйден шығуға қорқамын, ол бір жерден аңдып тұруы мүмкін», — деп мәлімдеді ол.

Сонымен қатар Анастасия күйеуінің анасы да оған қысым көрсетіп жатқанын айтты.

«Оның анасы маған ақша жинап, сотқа бар деді. Бірақ мен оны қайдан жинаймын?» – деп налыды әйел.

Анастасия өз үндеуінде Павлодар облысының прокуратурасынан бұл істі жеке бақылауға алуды және өзіне, сондай-ақ баласына қауіп төндірмеуін қамтамасыз етуді сұрады.

«Бейнеүндеуімді тиісті органдар көріп, бұл істі бақылауға алады деп үміттенемін. Ішімдік ішпеймін, темекі шекпеймін, ешқандай зиянды әдеттерім жоқ. Бірақ неге мен өз өмірім мен балам үшін қорқуға тиіспін? Мен тек бізді жайымызға қалдырғанын қалаймын», – деп мәлімдеді ол.

Павлодар облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сауле Шакенова Instagram-дағы парақшасында бұл жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, әйелдің арызы құқық қорғау органдарында тіркелген.

«Қазіргі уақытта әйел мен оның баласы қауіпсіз жерде», – деп мәлімдеді уәкіл.

Қазіргі таңда бұл оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Құқық қорғау органдары істі жан-жақты қарап, тиісті шешім қабылдайды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар